Мойынқұм таңы

Бірқатар өзекті мәселелер қаралды

0 29

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан басшысы Ермек Карентаевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, құқық қорғау органдарының өкілдері, аудан әкімдігінің бөлімдері, мекемелерінің басшылары ауылдық округ, ауыл әкімдері және жергілікті БАҚ өкілі қатысты.

Күн тәртібінде ауыз су мәселесі, міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жұмыстарының барысы және вегетация кезеңінде жасалған келісім-шартқа сәйкес қаражатты өндіру бойынша жұмыстар туралы мәселелер көтерілді.
Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаевтың баяндамасы тыңдалды.

-Бүгінгі күнге Мойынқұм ауданында 24 елді мекеннің (28650 халық) 21 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде: 5 елді мекенде 24 сағат, 19 елді мекенде 4-12 сағат аралығында ауыз су беріледі. Атап айтатын болсақ: Мыңарал, Ұланбел, Қарабөгет, Сарыөзек, Көкжелек елді мекендерінде 24 сағат ауыз су беріледі. Мойынқұм, Қылышбай, Құмөзек, Жамбыл, Күшаман, Назарбеков, Айдарлы, Биназар, Хантау, Қияхты, Мирный, Бурылбайтал, Мыңарал, Шығанақ елді мекендерінде 2-12 сағат аралығындағы ауыз су берілуде. Бірлік, Ақсүйек, Ақбақай, Қашқантеңіз және Бурылбайтал ауылдарында су жоқ, — деді ол өз баяндамасында.

Келесі мәселе бойынша аудан әкім­дігінің жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар бөлімі басшысы С.Тынышбеков баяндады.
– Аудан бойынша әл-ау­қатының деңгейі жақсы «А» санатындағы 1809 адамның ішіндегі сақтандырылмаған 172 адам, әл-ауқатының деңгейі қанағат­танарлық жағдайдағы «В» санатындағы 12393 адам­ның ішіндегі сақтандырылмаған 1054 адам, әл-ауқатының деңгейі төмен жағдайдағы «С» санатындағы 8284 адам­ның ішіндегі сақтандырылмаған 1269 адам, әл-ауқатының деңгейі дағдарыстағы жағдайдағы «D» санатындағы 3929 адам­ның ішіндегі сақтандырылмаған 1070 адам және әл-ауқатының деңгейі мүшкіл жағдайдағы «Е» санатындағы 890 адамның ішіндегі сақтандырылмаған 339 адамның құрап отыр, – деді бөлім басшысы.

Келесі кезекте «Қазсушар» РМК-ның аудандық филиалының директоры Жанбол Әйтішов ауылдардағы вегетациялық ке­зеңге төленуі тиіс, алайда төлеу толық жүргізілмеген қаржы сомаларын атап өтіп, ауыл әкімдерінен шаруалардың келісім шарттары бойынша төлем жасауға ықпал етуді сұрады.

Содан кейін аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева 2025 жылға басылымдарға жазылу барысы жайында хабарлама жасап, басылымдарға жазылу қарқыны төмен екенін айтып, үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді ұсынды.
Күн тәртібіндегі мәселелерден кейін, аудан басшысы Мыңарал, Шығанақ ауылдық округтерінің әкімдері Тлеш Есімұлы мен Таңатар Боранбайұлын және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қызырәліқызын АЭС салу мәселесі бойынша өткен республикалық референдумға белсене атсалысқаны үшін Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Сондай-ақ, еркін тақырыпта бірқатар мәселе қозғалды: қорымдарды қоршау, келер жылға бюджеттік жоспарлау, тапсырмаларды белгіленген уақыттан кешіктірмей орындау керектігін айтқан аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайқұлы бірқатар бөлім басшылары мен ауыл әкімдерін сынға алды.

Аппараттық кеңесті қорытындылаған аудан басшысы Ермек Амангелдіұлы қаралған мәселелер бойынша орынбасарлары мен бөлім басшыларына, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.