Мойынқұм аудандық мәдениет үйінде Әкелер форумы өтті. Бұл – жай ғана жиналыс емес, шын мәнінде қоғамға керек, уақыт талабынан туған маңызды кездесу болды.
Форумға оқушылар, әкелер және ұстаздар қатысып, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, отбасы мен мектептің бірлескен жауапкершілігі кеңінен талқыланды. Әке – тек асыраушы емес, баланың жан дүниесін түсінетін, қорғай алатын тірек екені нақты мысалдармен айтылды.
Іс-шара аясында «Буллингке жол жоқ» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Ашық форматта өткен талқылауда спикерлер буллингтің жасырын да, ашық та түрлері болатынын, оның бала психологиясына тигізетін ауыр салдарын жасырмай айтты. Ең бастысы – балалар қысымға төзбейді, оларды “үйреніп кетеді” деп қалдыру – үлкен қателік екені ашық жеткізілді.
Форумда әкелердің баламен сөйлесу мәдениеті, дер кезінде қолдау көрсету, мектеппен байланыс орнату мәселелері қозғалды. Баланың үнін есту, қорқынышын елемеу емес, түсіну – бүгінгі әкенің басты міндеті екені баса айтылды.
Бұл форум бір күндік шара болып қалмай, әр үйде, әр әке мен бала арасындағы әңгімеге жалғасса – нағыз нәтиже сол болмақ. Буллингке жол жоқ. Баланың қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ жауапкершілік.