Күні кеше аудандық мәслихат ғимаратында бірлескен тұрақты комиссиялардың отырысы мен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, 2025–2027 жылдарға арналған аудандық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.
Алдымен сегізінші шақырылған Мойынқұм аудандық мәслихатының бірлескен тұрақты комиссияларының отырысы өтті. 11 депутаттың 7-і қатысып, 4 депутат белгілі себептермен келе алмады. Комиссия отырысына аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадинов, аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Еркін Кеншімов және БАҚ өкілдері шақырылып, олардың басым бөлігі қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе — «2025–2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Мойынқұм аудандық мәслихатының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №34-3 шешіміне өзгерістер енгізу. Бұл мәселе бойынша хабарлама жасап, түсіндірме берген — экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Еркін Әбілұлы. Баяндама тыңдалғаннан кейін депутаттар тарапынан сұрақтар қойылмады.
Комиссия мүшелері ұсынылған мәселені қарап, оны аудандық мәслихаттың кезектен тыс қырық бесінші сессиясының күн тәртібіне енгізу туралы қаулы қабылдады.
Комиссия отырысынан кейін дереу аудандық мәслихаттың кезектен тыс қырық бесінші сессиясы басталды. 11 депутаттың 8-і қатысып, 3 депутаттың себепті түрде қатыса алмағаны айтылды. Кворум анықталып, заң талаптарына сәйкес сессия ашық деп жарияланды. Сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нығметуллаұлы Нұрадинов, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Еркін Кеншімов және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессияның жұмысы Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде жүргізілді. Депутаттар ұсынылған күн тәртібін бірауыздан бекітті. Комиссияда алдын ала талқыланғандықтан, күн тәртібіндегі мәселені қайта тыңдаудың қажеті жоқ деп шешілді.
Одан кейін депутаттар 2025–2027 жылдарға арналған аудандық бюджетке өзгерістер енгізу туралы шешім жобасын дауысқа салып, бірауыздан қабылдады.
Сессия соңында мәслихат төрағасы Н.Саурықов депутаттардан ұсыныс-ескертпелер сұрап, болмағандықтан, қырық бесінші кезектен тыс сессияны жабық деп жариялады.