Сейсенбі күні, 7 сәуір – «Дүниежүзілік денсаулық күніне» байланысты аудандық орталық аурухана мен бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы аудан көлеміндегі барлық білім беру мекемелері арасында ауқымды спорттық іс-шара ұйымдастырды. Іс-шара аудан орталығындағы Б.Момышұлы атындағы стадионда өтті.
Ашылу салтанатында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалды. Содан соң аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Тұсынкүл Рыстанбаева сөз сөйлеп, қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, сәттілік тіледі.
Жалпыға бірдей таңғы жаттығуды спорт бөлімінің кәсіби жаттықтырушысы Мұрат Смағұлов бастап беріп, қатысушыларға ерекше сергектік сыйлады. Одан әрі спорттық сайыстарға ұласып, жастар жүгіру, кермеге тартылу, арқан тарту сынды жарыстарда бақтарын сынады.
Жарыс нәтижесінде үздік шыққан қатысушылар түрлі номинациялар бойынша жүлделі орындарға ие болып, медальдар және мақтау қағаздарымен марапатталды. Спорттық акцияға аудан бойынша 120 адам қатысты. Бұл шара – денсаулықты нығайтып қана қоймай, ұрпақ бойына салауатты өмір салтын қалыптастыруда маңызы зор екені сөзсіз.