Мойынқұм таңы

Егінге су жеткізу мәселесі басты назарда

0 25

Су – барша тіршіліктің нәрі. Осы тіршілік нәрі көктемнен бастап күзгі жиын-терінге дейін егін еккен диқандарға қат болатыны біраз жылдардан бері орын алып келе жатқан жағдай. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуелден әлемдегі, елдегі ахуалды басшылыққа ала отырып, суды үнемді пайдаланудың тетіктерін ұсынған. Есесіне, қазір өңірлерге су қоймаларын салып, жөндеуге, тозған каналдарды жаңартуға көңіл бөлінді.

Сонау Қырғызстан жерінен бастау алып ауданымыздың қақ ортасынан өтетін Шу өзені ауданымызға келетін жалғыз су көзі болып табылады. Осы суды ысырап етпей шаруалардың арасында теңдей бөліп беру аудан билігінің басты міндеттерінің бірі болып саналады.

Осы орайда аудан әкімінің ауыл шарушылығы саласы бойынша орынбасары Ержан Әмірханов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков, аудандық мәслихат депутаттары Бақыт Серібаев, Бағлан Жүнісбеков, Нұрбай Шиенов, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік Кәсіпорнының аудандық филиалының директоры Жанбол Әйтішев, Кеңес ауылдық округінің әкімі Әділет Мұқашев, Биназар ауылдық округінің әкімі Қамбар Атаев, Бірлік ауылдық округінің әкімі Қуаныш Оспанов, Қызылтал ауылдық округінің әкімі Жәнібек Айдарқұловтардан құралған жұмысшы топ Шу ауданындағы Рыбхоз елді мекені маңындағы Шу суының ауданға кірер жерінде диқандармен кездесу өткізді.
Шаруалардың айтуынша ағын судың жеткілікті болуы үшін барлық егін еккен шаруалар «Қазсушар» РМК филиалымен келісімшартқа отыруы керек екен. Олай дейтіні көршілес Шу ауданында орналасқан Тасөткел су қоймасынан ауданымызға жіберілетін су көлемі сол келісімшарттағы егін егілген жердің көлеміне байланысты. Өкінішке орай егін еге тұра келісімшартқа отырмай, бірақ келіп тұрған суды пайдаланып отырған шаруалар баршылық. Олар келісімшартқа отырып, судың ақысын төлеп отырған шаруаларға қолбайлау болып отыр. Сонымен қатар шаруалар су тарату нысандарына арнайы қоршау жасап, әркімнің өзіне тиімді етіп судың деңгейін өзгертуіне жол берілмеуіне жағдай жасалса деген ұсыныс жасады.
Аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов қазіргі таңда жаппай вега­та­циялық кезең басталмағанын айтып, осы кезеңді тиімді пайдалана отырып бақшаларды суарып алу керектігін ескерте отырып, вегетациялық кезең басталғанда бар суды келісімшарттағы жер көлеміне байланысты ауылдарға бөліп беретінін жеткізді. Диқандар жеткілікті суға қол жеткізу үшін егін еккен барша ауылдастарын келісімшартқа отырып, судың ақысын төлеуге шақыруын ұсынды.

Биназар ауылдық округінің әкімі Қамбар Атаев Айдарлы, Биназар, Бірлік ауылдарының арасындағы су бөлінісіне көңілі толмайтынын айтып, ауылына барып жатқан судың аз екенін, аз сумен суару ұзақтығын айтып ауыл тұрғындары атынан шағымын білдірді.

Өз кезегінде «Қазсушар» РМК-ң ау­дандық филиалының директоры Жанбол Әйтішев ауылдар бөлінісіндегі қазіргі таңда келісімге отырған шаруалардың тізімі мен жер көлемін айтып өтіп, алдағы үш күн ішінде Айдарлы, Бірлік, Биназар ауылдарына нақты келісімшартқа отырған жер көлеміне қарай суды бөліп беретінін жеткізді.

Содан кейін жұмысшы топ ауылдарға ағын су кіргізу нысандарын аралап, Айдарлы ауылы маңындағы су тораптарын, «Байбарақ» каналына су кіргізу үшін жасалып жатқан байлаудың жұмыс барысымен танысты.