Мойынқұм таңы

Еңбек адамы – ел ырысы

0 34

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев на­ғыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы – бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.

Сәрсенбі күні аудандық мәдениет үйінде «Еңбек адамы – ел ырысы» атты партия ардагерлерінің аудандық форумы өтті.

Алдымен форумда ширек ғасыр тарихы бар бас партияның өткеніне бейнематериал арқылы шолу жасалды.

Форумға аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Манарбек Көшкімбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, партия ар­дагері, ауданның Құрметті азаматы Мақсат Сейдалиев және партия құрылғалы қызмет еткен партия ардагерлері мен ауыл тұрғындары, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мәди Күнту ашып, жүргізіп отырды. «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев сөз алып, партия тарихына тоқталды.

–Бүтіннің бір бөлшегі – біздің Мойын­құм ауданында да Партия беделінің артуына, ауданның саяси-әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысқан аға буын өкілдерін құрметпен еске алып, еңбектерін дәріптеу бүгінгі ұрпақтың парызы деп санаймын.
«Отан» Партиясының аудандық деңгейде іргетасы 1999 жылы қаланып, оған ауданның Құрметі азаматы, мар­құм Кемелқұлов Жиенқұл төраға болып сайланды. Ол бар саналы ғұмырын мемлекеттік саясатқа, ұрпақ тәрбиесіне арнап, 2015 жылы 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Партияның басшы органдары құ­рылған кезеңнен бастап, яғни 1999-2001 жылдар, 2008-2009 жылдар, 2016-2018 жылдар аралығында партия аудандық филиалына ауданның Құрметті азаматы Акимов Шакизат Ақбасұлы басшылық жасап, партияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға зор үлес қосты.
2001-2008 жылдар аралығында аудан­ның Құрметті азаматы, марқұм аға­мыз Қойгелдиев Жашаралы Құлжабай­ұлы басшылық етіп, абыройлы қызмет атқарды. Партияның жанашыры, қоғам белсендісі Жашаралы Қойгелдиев 2019 жылы 75 жасқа қараған шағында дүние салды.

2009-2015 жылдары Партия аудандық филиалына ауданның Құрметті азама­ты Сейдалиев Мақсат Сейдалыұлы бас­шылық жасады. Мақсат Сейдалиевтің ұйымдастыруымен осы жылдары Партия аудандық филиалы жеке ғимаратпен қамтамыз етіліп, материалдық базасы күшейтілді. Осы орайда, жеке қаржысына Партияға ғимарат сатып әперген сол кездегі «Үркер» шаруа қожалығының басшысы, бүгінде Қылышбай ауылының әкімі Исабеков Бәкір Әміреқұлұлының партия үшін атқарған еңбегін жоғары бағалауға болады.

Партия аудандық филиалына 2018-2020 жылдары Манарбек Көшкімбаев, 2020 — 2021 жылдары Мұратхан Естаев, 2021-2023 жылдары Ақсана Қалыбаева басшылық жасап, партиялық бағ­дарламаларды іске асыруға барынша үлестерін қосты — дей келе, Манарбек Өсербекұлы партияда қызмет еткен ардагерлер мен жауапты қызметтер атқарған азаматтарды атап өтті.

Бұдан кейін партия ардагері, ау­данның Құрметті азаматы Мақсат Сейдалиев, Партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Ғалия Шубаева елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік болатынын, халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаятыны туралы кеңінен тоқталды.

Форумда сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов: «Ел егемендігі ұлт дәстүрі мен құндылықтарына жіті, жүйелі, қастерлеп қарауға мүмкіндік берді. Шынында да халқымыз қаншама қиындық көрсе де ғасырлар сынынан өткен салт-сана, әдет-ғұрып бізді жарқын күндерге жетеледі.

«Еңбек — адамның көркі, адам — заманның көркі» дейді халық даналығы. Ел Президенті айтпақшы, «Бірінші маңызды мәселе, біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету». Сондықтан барша еңбек адамы қоғамның бар құрметіне лайық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі»-деп, Партия құрылған күннен бастап оның қоғамдық саяси жұмысының бел ортасында жүрген партия ардагерлеріне ізгі тілегін жеткізді.

Форум барысында партия аудандық филиалында ұзақ жылдар басшылық еткен партия ардагері Мақсат Сейдалиев, партия аудандық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясында ұзақ жылдар төрағалық еткен партия ардагері Жамбыл Қалыбаев, партия аудандық филиалы жанындағы сайлауалды штабқа ұзақ жылдар жетекшілік еткен партия ардагерлері Сәбит Оразымбетов, Шахикерім Исабеков, партия аудандық филиалы жанындағы сайлау­алды штаб жұмысына ұзақ жылдар белсенді қатысқан партия ардагерлері Жұманазар Көдеков, Әбдікерім Тойшыбеков, Бекмұрат Жамбылов, Мұханбетқұл Сабыров, Ерқадыр Жұмабаевтар партия аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтар тапсырылды.

«Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалі орман шаруа­шылығы саласының ардагері, партия ардагері Жалғас Молдахметовке табыс етілді.

Жиын соңы аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің концерттік бағдарла­масымен жалғасын тапты.