Мойынқұм таңы

Ерекше балалар эстафетасы өтті

0 26

Өткен жұма күні аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар арасында бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы және «Нұр-Бала» шағын үйінің ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» атты спорттан эстафеталық жарыс өтті. Әлеуметтік қызметкерлердің сүйемелдеуімен өткен байқауда қатысу­шылар топқа бөліне отырып, әр кезең бойынша сынға түсті.

Шараның өтуіне аудандық жұмыс­пен қамту орталығы және «AMANAT» партиясы аудандық филиалы атсалысты.

Шарада «AMANAT» партиясы аудан­дық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев ізгі тілегін бідірді.

– Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде бұл жандарға кедергісіз аймаққа айналуды көздеген түрлі әлеуметтік, психологиялық шаралар аясы ауданда да ауқымын кеңейтіп келеді.Біздің мақсат балалардың өздерін қоғамға пайдасы бар адам ретінде сезіндіруге атсалыстыру, – деді ол.

Содан соң аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Мадина Есжанова жігерлі өрендерге сәттілік тіледі.
Жарыста балалар доппен кедер­гілерден өту, шар жару, арқан тарту, ұзындыққа жарысу сынды сайыс түрлерінен өзара бақ сынасты. Балаларының жеңіске деген ұмтылысына тәнті болған ата-аналар мұндай сындар көмекті қажет ететін кішкентайларға жігер беріп, өмірге деген оң көзқарастарын қалыптастыратынын атап өтті.

Эстафета соңында оқ бойы озық шыққан топтар марапатталып, қатысқан барлық балаларға арнайы дайындалған сыйлық табыс етілді.