Мойынқұм таңы

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды

0 33

9 мамыр – Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Рәсімге аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, қоғамдық кеңес төрағасы Шахикерім Исабеков, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекеме өкілдері, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары және ауыл тұрғындары қатысты. Іс-шараға жиналғандар Ұлы Жеңісті ұрпағына сыйлап кеткен ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев жиналған көпшілікті Ұлы Жеңістің 79 жылдығымен құттықтап, Отанымыздың басына мұндай зұлымдық орнамауын тілеп, ақжарма тілегін жеткізді.

Содан соң аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары капитан Айдархан Сәрсембеков жиналғандарды атаулы күнмен құттықтады.
Іс-шарадан кейін аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева бала күнінен Ұлы Отан соғысының тылында еңбек еткен Пойызкүл Исабекова апаның шаңырағында болып, құттықтап, иығына камзол мен ақ жаулық жапты.

Пойызкүл апа соғыс жылдарындағы әңгімелерді еске алып, бала болса да бидайды торғайлардан қорып, жүннен шұлық тоқып, бір жаққа жіберіліп жатқанын айтып берді.

Құттықтаушы топ келесі кезекте Жамбыл ауылының тұрғыны еңбек ардагері Бердіғұл Бласов ақсақалдың шаңырағына соғып, еңбек ардагерін 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

Бердіғұл Бласов 1944 жылы 9 мамырда Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1960-1965 жыл арасында мал дәрігері және осеменатор болып қызмет істеген. 1969 жылдан бастап өз алдына сиыршы болып шыққан. 1974 жылдан бастап сиырды өткізіп, 300 бас қой алып қыстау, жайлауды жағалап қой бақты. Қойдан жақсы нәтиже көрсетіп, совхозға 100% қаракөл өткізіп отырды. Шопандардың тойында неше түрлі марапат, сыйлыққа ие болып жүрді. 1990 жылы қой басына бас қозы жоспарын орындап, жақсы нәтиже корсетті. 1995 жылы денсаулығына байланысты малын өткізіп, кейін зейнетке шықты. 2016 жылы Жамбыл облысы бойынша «Мерейлі отбасы» сайысына қатысып, бас жүлдені иеленді. Анамыз Шәкен Бласова 1968 жылдан бастап сауыншы болды. Зейнетке шыққанша шопан көмекшісі болып жұмыс жасаған. 11 баланы дүниеге әкеліп, «Батыр ана» алтын алқасын алды. Бердіғұл ақсақал мен Шәкен апа екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірген, бала- шағаны санауға болмайтынын айтқан қариялар 40 шақты немере 30-ға жуық шөбересі барын айтты.