Мойынқұм таңы

Гиннесс рекордтар кітабына енген құрақ шеберлеріне құрмет көрсетілді

0 26

Осы аптада «АMANAT» партиясы аудандық филалында Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрмесінде «Аламан құрақ» қолөнер мерекесіне қатысып, басқа қатысушылармен бірге рекорд орнатқан құрақшы аналарға құрмет көрсетілді.

Мойынқұмдық он үш құрақшы бір мезгілде кілем тәріздес жайылған 450 көрпенің жалпы көлемі 11 200 шаршы метрді құрайтын (ені бойынша 16 қатар-40 метр, ұзындығы бойынша 28 қатар-252 метр). Бір көрпеше көлемі (250/90 см) көрпені дайындауға белсенді қатысып, әлемдік рекорд орнатты.

Қабылдау жиынында сөз алған пар­тия филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов ешқандай қаржылық қолдау талап етпей, ұлттық өнерді барынша насихаттап жүрген құрақшылардың еңбегі қандай да болсын марапатқа лайық екенін атап өтіп, оларға партия филиалының Алғыс хатын және бағалы сыйлығын тапсырды.

Алғыс хатта: «Ұлттық мұрамызды насихаттау мен ұлттық қолөнерімізді айшықтайтын шараларға белсене қа­тыс­қаныңыз үшін алғысымды біл­діремін. Астана төрінде өткен V Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарына қа­тысушыларға арнап «Құрақ көрпе» өнері көрмесін ұйымдастырып, Гин­несс рекордттар кітабына ендіңіздер. Сіздің ұлттық салт-дәстүрге, қол-өнерге деген сүйіспеншілгіңіз жас ұрпаққа өнеге, ұлтымыз үшін өлшеусіз құрмет деп білемін. Сізге әрқашан мықты денсаулық, бақ береке және ұлттық мұрамызды насихаттау мен жалғастыру жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!» делінген.

Жиын барысында сөз алған еңбек ардагері Айнаш Боташева, құрақшы аналар Аманкүл Дәметова, Алмаш Таубазарова, аудандық мәслихаттың де­путаты, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ғалия Шубаева, зейнеткер, Қазақстанның құрметті кітапханашысы Гүлсім Нарбае­ва­­лар көп еңбекті қажет ететін, құрақ тігу өнерін кейінгі өскелең ұрпаққа үйрету қажеттігін айтты.Құрақшылар өздері тіккен жастықты партия филиалына сыйға тартты.