Мойынқұм таңы

Халық қалаулысы жаңа нысандармен танысты

0 24

Өткен аптада VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Нұрымова Гүлдара Алданышқызы ісспармен ауданға келіп, бірқатар ауылдарда болды.  Сапарын Айдарлы ауылынан бастаған депутат ауылда соғылып жатқан құрылыс нысандарының жай-күйін бақылап, жұмыс барысымен танысты. Айдарлы ауылдық клубының құрылысын жүргізіп жатқан “НИК-Тараз” ЖШС-нің өкілімен тілдесіп, жұмыстың сапалы әрі уақытылы бітуіне күш салу керектігін айтты. Биыл наурызда басталған құрылыс ке­лесі жылы мамырда аяқталуы қажет. Құрылысқа 240 млн. теңге бөлінген.

Осы ауылдағы «AMANAT» партия­сының сайлауалды бағдарламасы аясында соғылып жатқан спорттық сауықтыру кешенінің құрылысын көр­ген мәжіліс депутаты мердігер ком­пания “НұрҚұрылыс-болашақ” ЖШС-нің жұмысына көңілі толмағанын ашық жеткізді.

-Құрылыс жұмыстарына 329 млн. теңге бөлінген. Жұмыс 2022 жылдың қыркүйек айында басталған. Жоспар бойынша биыл 31 шілдеде аяқталуы қажет. Алайда жұмыс басында жұмысшылар жоқ, жұмыс кестесінен 2 айға қалып барады. Айдың соңына дейін береді дегенге күмәнім бар, жұмыстарыңыз тым баяу, -деді Гүлдара Алданышқызы.

Сапардың келесі аялдамасы Хантау ауылы болды. Депутат ондағы жүргізіліп жатқан магистральдық және ауыз сумен жаб­дықтау желілерінің құрылысымен та­нысты. Құрылыс жүргізіп жатқан “Спец­КоммунСтрой” ЖШС өкілі Қайнар Төкеновпен тілдесіп, мән-жайды білді.
2023 жылдың қазан айында басталған құрылыс нысанына 506 млн. теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 2 дана ұңғыма, су көтеру имаратының жұмыстары жүргізіліп, құрылыстың 70 пайызы аяқталған. Аяқталуы ағымдағы жылдың қазан айы.

-Қазіргі уақытта жұмыс кестесінен қалып бара жатқан құрылыс басында жұмысшылардың болмауы жұмыстың одан ары да кешігуіне себеп болуы мүмкін, – деді Мәжіліс депутаты.

Одан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты мен аудан әкімдігінен құ­рылған жұмысшы топ Ақбақай ауылына жол тартты. Онда Елімізде ресурстық база көлемі бойынша (6 базаның ішіндегі) ең ірі 3 алтын өндіруші қатарына кіретін “Алтын Алмас” АҚ кен өндіру комбинатының жұмысымен танысты.

“Алтын Алмас” АҚ 1993 жылы құрылған. Бүгінде Жамбыл, Абай, Ақмола және Қарағанды облыстарында жұмыс істейді. Жалпы 4 өңірде 4 777 жұмысшы бар. Мойынқұм ауданы, Ақбақай ауылындағы филиалында 1050 адам еңбек етеді. Жұмысшылар ауысым (вахта) бойынша 15 күн қызмет жасап, 15 күн демалады. Орташа жалақы мөлшерлері 400-500 мың теңгені құрайды. Жұмысшылардың басым бөлігі Мойынқұм ауданының тұрғындары.

Жерасты тау-кен жұмыстарын он­лайн форматта басқару жүйесімен танысты, толық автоматтандырылған заманауи үлгіде жасалған. Жерасты шахтасы 600 метр төменде орналасқан. Шахтада байланыстың үзілмеуін қам­тамасыз ету мақсатында Wi-Fi роу­терлері орнатылған.

Кен өндіру комбинатының жұмы­сымен танысып шыққан Мәжіліс депутаты комбинат басшылығына ри­за­шылығын білдіріп, Қазақстан Рес­публикасының Ата заңына сәйкес адам өмірі мен денсаулығы бірінші қатарда болуы тиіс екенін тілге тиек етіп, кеншілердің қауіпсіздігін одан әрі дамыта беру жолында аянбай еңбек етуді ұсынды.