Мойынқұм таңы

Кәмелетке толмағандардың тәрбиесі басты назарда

0 26

Осы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық прокуратураның бастамасымен аудан әкімдігі жанынан құрылған кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Отырысты аудан прокурорының орынбасары Нұрлы Сарманов ашып, жүргізіп отырды. Жиынға комиссия мүшелері: аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Үсен Айнақұл, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Бағлан Жүнісбеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айым Төребек, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мәди Күнту, аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Еңлік Қалымбетова, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков, «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторы, осы жолдардың авторы және аудандағы 24 мектептің директорлары қатысты.

Күн тәртібінде «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және осы бағыттағы мемлекеттік органдардың атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы» мәселе қаралды. Аталған мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Үсен Айнақұл сөз алды.

Мойынқұм ауданы аумағында ағымдағы жылы кәмелетке толмағандармен жасалған және кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар орын алған жоқ.

2024 жылы 4 ай көлемінде Мойынқұм АПБ-не профилактикалық және тізімдік есепке 3 жасөспірім қойылса, сонымен қатар ата-аналық міндеттерін орындамайтын 3 ата-ана есепке алынды.

Қазіргі таңда Мойынқұм АПБ-нде профилактикалық есепте тұрғандар саны: Ата-аналық міндеттерін орындамайтын 14 ата-ана, профилактикалық есепте 4 бала тұрады.

Алайда, қазіргі таңда басқа аудандарда орын алып жатқан кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар дерегі облыс басшылығынан бастап барлығымызды қатты алаңдатуда.

Осыған орай, мектеп ұжымы тарапынан анықталған немесе белгілі болған жоғары сынып оқушылары тарапынан бопсалау дерегі, бейресми көшбасшылар анықталған жағдайда дереу АПБ-нен мектептерге бекітілген қызметкерлеріне хабар беруді сұраймыз, -деді Үсен Атағұлұлы.
Осы мәселе бойынша келесі сөз кезегі аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевқа берілді.

-2023-2024 оқу жылында аудандық білім беру ұйымдарында оқушыларға құқықтық тәрбие беру, олардың арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу, оны болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңын және «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды» басшылыққа алып, орындау мақсатында аудандық құқық қорғау органдарымен бірлескен нақты жұмыстар атқарылуда.

Балалардың кауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Мойынқұм ауданындағы 45 білім беру ұйымдарында 552 аналогтық және 22 цифрлық бейнебақылау камералары орналастырылған, жалпы камералардың саны 574. Оның ішінде 24 мектепте 337 бейнебақылау камера, 15 балабақшада 193 бейнебақылау камера, 6 қосымша беру мекемелерде 44 бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр. Камералардың жазбаны сақтау мерзімі 30 күн.

Бүгінгі таңға Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы, М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейі, Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі, Шығанақ орта мектебі, О.Жандосов атындағы орта мектептеріне SOS батырмаларын орналастырып, полиция бөліміне жедел басқару орталығына интеграцияланған деп баяндады Жайдар Саттарқұлұлы.

Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің директоры Шәрбат Қашқымбекова сөз алып, біз үздіксіз атқарып отырған жұмыстар балалардың тәрбиесін қадағалап, жаман әдеттерден алшақ болуға бағытталған іс-шаралар болып табылады. Міндеттен қашпаймыз, бала тәрбиесін ары қарай да басты назарда ұстап отырып жұмысымызды жүргізе береміз. Дегенмен бір атап өтетін жағдай бар, мына жиында да, басқа нормативтік актілерде де ата-ананың рөлі көрсетілмеген, мектепте болатын 6-8 сағат үшін баланың барлық іс-әрекеттері мен жағдайына жауаптылар мектеп ұжымы болуына көңілім толмайды. Ата-ананың жауапкершілігін қарау, нақтылау туралы ұсыныс жасаймын, — деді Шәрбат Сарышөкенқызы.

Жиын соңында мектеп директорлары тарапынан баян­дама­шыларға біршама сұрақтар қойылып, нақты жауаптар беріліп, аудитория мен баяндамашылар арасында толыққанды диалог орнады.