Осы аптада аудандық мәслихаттың мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру болып табылады.
Отырыс барысында «Шығанақ, Мыңарал ауылдық округтерінің әкімдіктерінде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы туралы», аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдерінің есебі, «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Мойынқұм аудандық мәслихатының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №34-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы, кеңес мүшелері Қ.Дауталиев пен А.Үмбетқұлованың өтініштері туралы мәселелер қаралды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында Мыңарал, Шығанақ ауылдық округтерінің әкімдері Тлеш Есімұлы Аманжолов, Таңатар Боранбайұлы Сәбитов, аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Төлегенов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Амандықұлы Нәдірғожин, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшы Талғат Кәдірханұлы Үсенбаев, аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Еркін Әбілұлы Кеншімов сөз сөйледі. Қ.Дауталиев пен А.Үмбетқұлованың ауданнан тыс жерге қоныс аударуына байланысты мүшеліктен босату туралы өтініштері қанағаттандырылды. Олардың орнына резервтен Баяхмет Шынжарбеков пен Шыңғыс Жашаралин сайланды.
Есеп берген мекеме басшыларына кеңес мүшелері ауыз су, ағын су, құршудың табанын тазалау мәселелері, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, газ мәселесі, жанар-жағар майдың бағасы туралы және тағы басқа сұрақтар қойып, өздерінің ұсыныстарын жеткізді.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сағынғали Аманов отырысты қорытындылап, қабылданған шешім, ұсыныстармен кеңес мүшелерін таныстырды.