Мойынқұм таңы

Кезек күттірмейтін мәселелер кеңес отырысында қаралды

0 7

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс за­лында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасы Сағынғали Амановтың жетекшілігімен өткен жиында аудан өміріне қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Күн тәртібіне сәйкес, алдымен мем­лекеттік көрсетілетін қызметтер сала­сындағы заңнаманың орындалу барысы туралы Мирный ауылдық округінің әкімі Сайнұр Аманов және Ақсүйек ауылдық округінің әкімі Ғани Жүнісов баяндама жасады.

Келесі мәселе – күзгі тазалық айлығының өткізілуі мен көктемгі тазалық науқанының қорытындысы туралы болды. Бұл бағытта Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Тұрарқұл есеп беріп, алдағы жұмыстарға тоқталды.

Сонымен қатар, 2025 жылдың «Жұмыс­шы мамандықтар жылы» болып жария­лануына орай «Мансап» орталығының басшысы Бақыткүл Қалымбетова орта­лықтың атқарып жатқан жұмыстары мен жоспарлары туралы баяндады.

Отырыс барысында «Мойынқұм ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің қағидаларына өзгерістер енгізу туралы» жобаны аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас­шысы Самат Тынышбеков ұсынды. Ал аудандық қаржы бөлімінің басшысы Лаура Қазақбаева «Салық салу объектісінің орналасуына байланысты аймаққа бөлу коэффициентін бекіту туралы» қаулы жо­басымен таныстырды.

Қоғамдық кеңес мүшелері баянда­ма­шыларға сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Әсіресе, аудан орталығы мен оның айналасындағы тазалықты қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Кеңес мүшелері Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Тұрарқұлға қоқыс тазалау жұ­мыстарын жеделдетіп, жылыту маусымына дейін дайындықты толық аяқтауды тап­сырды.

Кеңес төрағасы Сағынғали Аманов отырысты қорытындылай келе, талқыланған мәселелер бойынша қабылданған шешімдер мен ұсыныстарды жариялап, олардың орын­далуын бақылауға алу қажеттігін атап өтті.