Ауданда кәсіпкерлікке ден қойғандар қатары жыл сайын артып келеді. Олардың ішінде жастардың үлесі жоғары. Олар өздерін жұмыспен қамтып қана қоймай, халық қажеттілігін де өтеп отыр.
Сондай азаматтардың легі бүгінде қолдарынан келгенше еліне, жеріне, ағайынына қарайлап келеді. Солардың бірі ауданымыздағы Күшаман ауылында өсіп, осы жақтан буынын бекітіп, бұғанасын қатайтқан ел азаматы Жақсыкелді Ақбердиев аудан орталығы Мойынқұм ауылынан кілем жуу орталығын ашты.
Кәсіп ашып, аудан тұрғындарының сұранысын өтеп отырған азаматпен әңгімелесіп қайтқан болатынбыз. Жігіт ағасы кәсіп көзін бастауда өз қаражатын пайдаланып, өз еңбегінің жемісін көруде. «Мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану, несие алудың орайы келмеді» деген кәсіп иесі жұмыс орнымен де таныстырып шықты.
Иә, Жақсыкелді Ақбердиев кілем жуу орталығын алдында айтқандай аудан орталығынан ашыпты. Орталықта қажетті құрал-жабдықтардың бәрі табылады. Бастысы халықтың сұранысын өтеуге, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.
-«Осы кәсіпті көптен ойға алып жүрген болатынмын. Бүгінде ауданымызда кілем жууға арналған арнайы ғимараттар жоқ. Күнделікті тұрмыста байқап жүргеніміздей, тұрғындар көлік жуатын жерлерге барып, кілемдерін жудыруға мәжбүр болып жүр. Кәсіптің бұл түрі бүгінде ауданымызда тапшылық тудыруда деп ойладым. Сондықтан, отбасыммен ақылдаса, Тараз, Алматы қалаларынан тапсырыс беріп, арнайы кілем жуу құрылғыларын алдырттым. Кілемдерді жерден «ротор» құрылғысы арқылы жуып, одан «центрифуга» сығу құрылғысымен сығылады. Сонымен қатар оларды кептіру үшін де температурасы жоғары арнайы кілем кептіру орны да бөлек дайындалды. Күніне 30 кілемге дейін жуатын боламыз. Қазірдің өзінде тұрғындар естіп-біліп, кілем жудыруға келіп жатыр. Болашақта кәсібімді кеңейтіп, тұрғындардың көңілінен шығып жатсақ, еңбегіміздің жанғаны деп білемін, — дейді кәсіпкер.
Орталықтағы барлық қажетті аппараттардың атқаратын қызметімен де, жұмыс барысымен де таныстық. Кәсіп иесі бір кілемді жуу үшін 15 минут уақыт қана кететінін айтады. Ал жуылған кілемдерді кептіру үшін аппаратқа салып, суын сорғытып алып, арнайы дайындалған кептіру орнына жаяды. Ал көктем, жаз мезгілдерінде күн көзіне жайып алады екен.
Айта кету керек, кәсіпкер кілем жууды әуелі шаршы метрін 350 теңгеден бастапты. «Ауылдағы ағайынға айды аспаннан бір-ақ шығармайын деп осындай төмен бағамен бастадым» деген ол қазір жеткізу қызметі болған соң шаршы метрін 500 теңгенің көлемінде кілеміңізді жуып, кептіріп, қайтадан тазалап, түктерін ретке келтіріп үйіңізге жеткізіп береді екен. Қысқасы Жақсыкелдінің ұсынған қызметінен көңіліңіз қалмайды. Кәсіп иесінің қызметіне сұраныс көрші ауылдардан да түсіп жатыр.
— Қазір біз аудан аумағындағы 9 ауылды қамтып отырмыз. Ендігі мақсат – ауданымыздың өндірістік аумағындағы ауылдарды да қосу. Сонымен қатар қазір 4 азамат жұмыс атқарса, егер шаруам алға жылжып жатса тағы да азаматтарды жұмыспен қамтимын, — деп ағынан жарылған азаматтың еңбекқорлығына, ашық мінезі мен табандылығына қайран қалдық. Бастысы бала-шағасының несібесін молайтып, отбасының ел қатарлы өмір сүруіне жағдай жасап отырған кәсіпкер әңгіме барысында келіншегі Айзада Шаймағанбетова екеуі төрт бала тәрбиелеп отырғанын айтты.
Иә кәсібін дөңгелетіп отырған Жақсыкелді кілем жуудан басқа жастық, көрпе, қалың киімдер, көрпе тыстары мен жамылғысын да жуатын аппарат алып, кір жуу бөлмесін де ашып қойған. Онда 25 кг кірді жуатын екі кір жуу машинасы мен кептіретін аппарат орнатқан.
Ең қызығы құстың мамығынан жасалған жастықтарды жуу кезінде жастық тыстары алынып, мамығы арнайы аппаратқа салынып, зиянды және патогендік вирустар мен бактерияларды жою үшін кварц қолданады екен. Құрылғы қосылған кезде ультракүлгін сәуле шығарып, қысымды ауа араластырады, содан кейін артық қоқыстарын шығарып тастайды екен. Содан соң жуылған тыстарына қайта орналастырады.
Негізі елдегі жұмыссыздық деңгейін азайтудың бірден-бір жолы кәсіпкерлік саласына серпін беру. Бұл тұста салаға дем беріп отырған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айтпай кете алмаймыз. Соңғы жылдары қолға алынып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы да талай жастарға қолдау болмақ. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлік ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін білеміз. Жобаның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы – үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Біздің кейіпкеріміз Жақсыкелді Ақбердиев те аталған жобаға қажетті құжаттарын дайындау үстінде екен. Құдай сәтін салса, төмен пайыздық несиеге қолжеткізіп, кәсібінің көкжиегін кеңейткісі келеді. «Болар баланың бетін қақпай, белін буған» халықпыз ғой, ауылда отырып кәсіптің сұранысқа ие түрін қолға алған Жақсыкелдіге қолдау мен көмек болады деп сенеміз.