Аудандық мәслихаттың мәжіліс залында Сағынғали Амановтың төрағалығымен аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Отырысқа аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев және қоғамдық кеңестің мүшелері мен бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қоғамдық кеңестің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов жылдық жоспар жобасымен таныстырды. Кеңес мүшесі Е.Нәдірғожин бірінші мәселе бойынша жоспарға ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімдерін енгізу туралы ұсынысын айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігі ішкі саясат және аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары Жанар Несіпбаева, Мәлік Мұқашевтардың хабарламалары тыңдалды. Онда ауданның құрылғанына 60 жыл толуына орай іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жоспары қаралды. Аталған жоспар жөнінде Нұртас Саурықов ауданымыздағы мектеп оқушылары аудан тарихымен танысып, сондай-ақ «Мойынқұм таңы» газетінің әр нөміріндегі «Мойынқұм ауданына-60 жыл» айдарымен жарияланған еңбек майталмандары туралы мектептерде ашық сабақтар өткізілуі керектігін айтты.
Кеңес мүшелері Ш.Исабеков, А.Боташева іс-шараларды өткізу үшін қаражат мәселесінің шешілу барысын және ауыл әкімін, аудандық білім бөлімі мен электр желілерін тарату мекемесінің басшыларын жиналысқа шақырту сынды ұсыныстарын айтты.
Бұдан кейін қоғамдық кеңестің уақытша сараптама тобы құрылып, оған кеңес мүшелері А.Боташева, А.Үмбетқұлова, М.Күнту, Т.Жұмағұлов, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А.Елеуова, аудан әкімі аппа- ратының мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы Қ.Ізбасаровалар ұсынылып, бірауыздан мақұлданды. Сонымен қатар кеңес мүшелері ауылдық округтерге бөлінді.
Жиын барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы болған, ауданның Құрметті азаматы Исабеков Шахикерім Әміреқұлұлына мәслихаттың 30 жылдығына арналған төсбелгісін тағып, шапан жауып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ кеңес төрағасы мен мүшелеріне куәліктерін табыс етіп, алдағы атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.