Мойынқұм таңы

Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең

0 24

Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітіліп, кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері атап өтіліп келеді. Осы салада қызмет істеп жүрген барша адамдарға құрмет көрсетіп, елеулі еңбектерін лайықты бағалайтын күн.

Осыған орай, аудандық мәдениет үйінің үлкен залында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, «НАМЫС – Ардагерлер қоғамының» өкілі, Қазақстан-Қырғызстан жазушылар одағының мүшесі, мәдениет майталманы, әнші, ақын Бекзат Ізбасардың  қатысуымен «Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең» атты салтанатты шара өтті. Шараның басты мақсаты мәртебелі мамандық иелерінің осы салада адал қызмет етіп, олардың көрсеткен нәтижесі мен елеулі еңбектерін бағалау.

Іс-шара барысында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев пен аудандық мәдениет үйінің директоры Мейіржан Сейділдаев ауданымыздың мәдениетінің дамып өркендеуіне, көркеюіне өз үлестерін қосқан, ыстығына күйіп, суығына тоңған, тарих қойнауына кеткен жылдардағы ауданымыздың мәдениет, өнер майталмандары Болатбек Әбішев, Мақсұт Омаров, Раушан Жетібаева, Гүлжахан Асылбекова, Дариға Әбілхаева, Әтіркүл Бекбергенова, Жамбы Туғанбаева, Гүлсім Нарбаева, Гүлжахан Рысқұлова, Дария Рысалдиева, Тамара Әлібековаларды арнайы құттықтап, гүл сыйлады.

Содан кейін құттықтау сөз кезегі аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлына берілді. Мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне арналған ақжарма тілегінен кейін марапаттау рәсіміне кезек беріліп, осы саладағы бірқатар азаматтарға түрлі деңгейдегі марапаттарды табыс етті.

Мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Гаухар Айтимова, Хантау ауылдық кітапханасының меңгерушісі Қанат Түйешиева, Мәдениет үйіне қарасты «Зерде» бейнемобиль кешенінің меңгерушісі Бектұр Сырымбетовтер Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің әртісі Қажымұрат Әбдіқадыров, Хантау ауылдық клубының меңгерушісі Дәурен Қалиевтер облыстық халық шығармашылығы орталығының Алғыс хатымен марапатталды.

Аудандақ орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қорын толықтыру бөлімінің редакторы Айман Байғожаева, Мирный ауылдық кітапханасының меңгерушісі Сәлима Исаевалар Қазақстандық Кітапханалық Одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен, «Құмөзек» халық театры режиссерінің көмекшісі Игенов Исахан Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ, Құмөзек ауылдық кітапхананың меңгерушісі Гүлмира Иманқұлова, аудандық мәдениет үйінің әртісі Гүлгүл Тәйтімова Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен  марапатталды.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін және «21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» кәсіби мерекесіне орай Еңбек ардагерлері Күлжаһан Әліқұлова, Аққанкүл Дүйсетаева, Бибігүл Сабанбаева, Көкжелек ауылдық кітапханасының меңгерушісі Дариякүл Алыпбаева, Саз мектебінің мұғалімі Ғалымжан Иетаев, «Мойынқұм» халық театрының режиссері Ерлан Айткабыл, «Мойынқұм» халық театры режиссерінің көмекшісі Бейбітхан Сеңгірбаев, аудандық мәдениет үйінің әртістері Медет Калиакбаров, Қасымжан Сәденов, Мойынқұм аудандық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Жамбыл Бекбосыновтар аудан әкімінің «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалімен, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Дауыталиев Серікқазы Мәмбетұлы аудан әкімінің Айтбай Назарбековтің мерекелік медалімен марапатталды.

Ерекше атап өтетін жағдай, биыл Шона Смаханұлының 100 жылдық мерейтойына орай өткен облыстық, республикалық байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болған «Мойынқұм» халық театрына облыстық байқаудан 300 мың теңге, республикалық байқаудан 200 мың теңге ақшалай сыйлығының сертификаты табысталды, режиссері  Ерлан Айтқабыл.

Келесі сөз кезегі аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықовқа берілді. Сала қызметкерлеріне арналған жылы лебізінен кейін аудандық мәдениет үйінің аккомпониаторы Жангозы Сарыбаев, аудандық мәдениет үйінің әртісі Ержан Омаров, аудандық мәдениет үйінің бейнеоператоры Елнұр Әскербековтерге аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс етті.

Келесі кезекте аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев құттықтау сөз сөйлеп бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады.

«НАМЫС – Ардагерлер қоғамының» өкілі, Қазақстан-Қырғызстан жазушылар одағының мүшесі, мәдениет майталманы, әнші, ақын Бекзат Ізбасар іс-шараға арнайы қатысып, «Мойынқұм» халық театрының режиссері Ерлан Айтқабыл мен «Мойынқұм» ән-би ансамблінің жетекшісі Гүлдана Әлиеваға «Қазақстан патриоты» қоғамдық медалын табыс етті.

Іс-шарадағы аудан өнерпаздарының орындауындағы ән мен би, сахналандырылған қойылым көрермен көңілінен шығып, зор ықыласпен, қошеметпен қабыл алды.