Мойынқұм таңы

Мамандықты дұрыс таңдауға бағыттайтын кездесу болды

0 22

Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадамдарының бірі болып саналады. Халқымызда «Адам өмірге келгеннен кейін екі нәрседен жаңылыспау керек: біріншісі – мамандық таңдау, екіншісі – жар таңдау» деп бекер айтпаса керек. Бәсекеге қабілетті білікті мамандарды дайындау – бүгінгі күннің басты талабы.  Мектеп қабырғасында он бір жыл бойы білім алып, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққаннан» кейінгі мәселе – болашақ мамандықты таңдау. Себебі таңдаған мамандығы өмірінің бір бөлшегімен біте қайнасып жатады. Осы орайда Күшаман ауылындағы Амангелді атындағы шағын орталықты орта мектебінде аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдас­ты­руы­мен 9-11 сынып білім алушыларына арналып түрлі сала мамандарының қатысуымен «Мамандықты дұрыс таң­дау – өмірдің кірпішін дұрыс қалау» тақыры­бында кездесу өтті.

Аталмыш жиынға аудандық соттың төрағасы Бағлан Далибаев, аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық ор­талық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары, тіс дәрігері Бағлан Жүнісбе­к­ов, тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа қарсы тобының аға инспекторы Құндыз Таубазарова, аудандық мәдениет үйінің директоры Мейіржан Сейділдаев, аудан­дық білім бөлімінің әдіскері Гүлнәр Жамбылбайқызы, аудандық жергілікті полиция қызметінің өкілі Жеңіс Қалымбе­тов, төтенше жағдайлар бөлімінің маманы Асқар Қадыров, аудандық соттың приставы Бауыржан Кемелбек, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, ұстаздары мен осы жолдардың авторы қатысты.

Жиын аталған мектептің 2-8 сынып оқушыларының мамандық иелеріне арнаған әдеби монтажымен басталды. Ал кездесуді жүргізуші Аяулым Есенқызы оқушылар мен мамандық иелеріне түрлі мамандық жайында слайдтар көрсетіп, «Қазіргі заманның табысты мамандықтары», «Болашақтағы табысты мамандар» туралы айтып өтті. Содан соң оқушылар тарапынан келген қонақтарға түрлі сауалдар қойылды. Өз ойларымен бөліскен қонақтар сан алуан мамандық болғанымен таңдау біреу екенін нақтылап айтты.

– Мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом алу емес, өмірлік жолыңды таңдау. Сондықтан болашақтарыңды айқындау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал болмақ. Сол үшін осы бастан дұрыс бағытты таңдап, лайықты маман болудың жолын қарастыруларыңыз керек. Өйткені өз саласының білгірі ғана қай кезде де сұранысқа ие болмақ, – деді жиында сөз алған аудандық сот төрағасы Бағлан Далибаев.

Ал аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық орталық ауруханасының бас дә­рігерінің орынбасары, тіс дәрігері Бағлан Жүнісбеков өз ойын былай жеткізді.

– Мамандық – ол сіздің болашағыңыз, та­бысыңыз, өміріңіз. Бұл жөнінде Жүсіпбек Аймауытовтың мынадай сөзі бар. «Маман­дықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе». Рас, жас жеткіншек тек өз жүрек қалауымен ғана таңдаған кәсіптің шебері бола алады,-деді Б.Жүнісбеков.
Сонымен қатар келген қонақтар өз мамандықтарын қалай таңдағаны туралы айтып беріп, өмір табалдырығынан аттаған жастың жанына жақын мамандыққа зер салуы ертеңгі күнге нық сеніммен қарауы деп түйіндеді.

Жиынды Амангелді атындағы шағын орталықты орта мектебінің директоры Нұржан Сәденов қорытындылады.

– Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ соны таңдауда дұрыс шешім қабылдай білу керек. Қарапайым сөзбен айтқанда мамандық таңдау өзің айналысқың келген жұмысты таңдаудан ғана емес, араласқың келетін ортаны қоса таңдаудан тұрады. Сол себепті әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйе­ніп барып болашақ мамандығына аяқ басуы керек. Мамандық таңдау әрі қиын әрі жауапты болғандықтан мына отырған сала мамандарын арнайы сіздер үшін шақырдық. Бұл мамандық таңдауға байланысты ұйымдастырылып отырған іс-шара. Мұндай жиындарды түрлі сала мамандарының қатысуымен жиі өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Шынында да, болашақта қандай мамандықты таңдаған жөн? Бұл сауал күннен күнге өзекті мәселеге айналуда. Өйткені заман талабына сай түрлі мамандықтар сәт сайын көбейіп келеді. Сондықтан үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған жастардың мамандық таңдауда қателеспеуі үшін осындай кездесулердің өтуі орынды.

Айта кетейік, іс-шара соңында, аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлнәр Жамбылбайқызы аудандық білім бөлімінің атынан бірқатар ұстаздарға Алғыс хат табыстап, рақмет айтып, биік белестерден көрінулеріне тілек білдірді.