Мойынқұм таңы

Маңызды мәселелер қаралды

0 26

Осы аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Әлихан Балқыбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Кеңеске аудан активі толығымен қатысты. Бұл жолғы жиынның күн тәртібінде «2024 жылғы көктемгі егіс-дала жұмыстарының орындалу барысы», «2024 жылдың ІІ жартыжылдығына баспасөз басылымдарына жазылу туралы», «Аудандық ономастика комиссиясының жұмыс барысы ту­ралы», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстарының барысы туралы», 2023 жылы және 2024 жылдың 3 айында атқарылған және жоспарланған жұмыстар туралы Қызылотау, Қызылтал ауылдық округтерінің әкімдерінің есебі» мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков баяндады. Оның айтуынша биылғы егін егу бойынша басты мәселенің бірі ауылдық округтердегі диқандардың «ҚазСушар» мекемесімен ағын су алу келісімшартына отыру жұмыстарының баяу жүріп жатуы болып отыр. Бұл жоспардың орындалмауы алдағы вегетация маусымында Тасөткел су қоймасынан біздің ауданға бөлінетін судың көлемінің азаюына әкеліп соғуы мүмкін екен.

Келесі мәселе бойынша аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева баяндады.

-Ауданымызда газет-журналдарға жазылу кезіндегі басты кедергі аудандық пошта қызметінің ойдағыдай болмауында, себебі оқырман қауымға басылымдардың кештетіп жетуі хабарландыру құралының құнын төмендетуі байқалады, — деді ол. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының басым бөлігі қызмет атқаратын білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының басшыларынан басылымдарға жазылуға жоғары деңгейде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізулеріңізді сұраймын, -деп Жанар Қызырәліқызы сөзін қорытындылады.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Самат Тынышбеков баяндады. Былтырғымен салыстырғанда биылғы жылдың есептік мерзімдегі көрсеткішін салыстырғанда өсу динамикасы байқалады. Дегенмен тұрғындар арасында кейбір дұрыс емес ақпарлардың тарауы МӘМС жұмыстарының орындалуына кері әсерін тигізуде. Бұл мәселенің шешімі тұрғындарды МӘМС арқылы қандай жеңілдіктерге қол жеткізуге болатыны жайлы хабарландыруды арттыру керек, — деді бөлім басшысы.

Жоғарыда қаралған мәселелер бойынша сала басшылары мен ауылдық округтердің әкімдеріне аталған жұмыстарды қолға алып, кемшіліктерді қалыпқа келтіріп, орындалуы үшін нақты тапсырмалар беріп, нәтижелі қорытындылар шығаруды тапсырды.