Мойынқұм таңы

Марапаттар табысталып, міндеттер айқындалды

0 26

Осы аптаның сәрсенбісінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан басшысы Ермек Карентаевтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Жиын ашық деп жарияланып, алғашқы кезекте бірқатар марапаттар табысталды. Атап айтар болсақ, әріптесіміз Жолдыбай Сейілханұлы Дәметов Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, желтоқсан айының 3 жексенбісі – энергетиктер күніне орай аудандық электр тарату жүйесінің қызметкерлері Үсен Жанысбаев пен Болат Төлеубеков «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Сонымен қатар, аудандық электр тарату жүйесі мекемесінің электр­омонтеры Еркінәлі Оразалиев аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, осы мекемедегі шұғыл шығатын топтың электромонтері Қанағат Әбжәділ аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Марапаттан соң күн тәртібіндегі ал­ғашқы мәселе «2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының өту барысы туралы» аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаев хабарлама жасады.

–Бөлімге қарасты «Мойынқұм су-жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы мамандандырылған көпсалалы коммунал­дық мемлекеттік кәсіпорны 2024-2025 жылдардағы отын-энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, бі­лім беру саласының жылыту мау­сымына дайындығы барысында 5 балабақша және 6 мектепке барлығы 11 КТГ-300 қазандықтары қойылды. Жылыту маусымына дайын болу үшін 8 сорғы (насос), 6 дана қақпа клапандары, 10 дана қозғалтқыш және 3 мектептің түтін шығатын құбырлары ауыстырылып, жаңасы қойылды. 20 мектеп пен 6 балабақшаға жылыту қазандықтарына цифрлық бақылау камералары орнатылды,–деді Талғат Қадірханұлы.

Күн тәртібіндегі «Жыл қоры­тын­дысы бойынша қаржының иге­рілуі туралы» және «Берешек көлік салығының орындалуы туралы» мәсе­лелер бойынша аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Лаура Қазақбаева баяндап, бірқатар мәселелерді талқыға салды.
Келесі «Орындаушылық тәртіп туралы» мәселе бойынша аудан әкімі аппа­ратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы орын алған бірқатар кем­ші­ліктерді айтып, алдағы уақытта ондай кемшіліктерді болдырмаудың жолдарын ұсынды.

Содан соң аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева 2025 жылдың 1-жартыжылдығына баспасөзге жазылу барысы туралы хабарлама жасап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген азаматтарға алғысын білдірді.

Жиын соңында Ермек Амангелді­ұлы жоғарыда қаралған мә­се­лелер бойынша тиісті бөлім, мекеме басшылары мен ауыл, ауылдық округ әкімдеріне ескерту беріп, түйіткілді мәселелер хаттамаға енгізілуін және белгіленген уақытта тындырымды шешімін табуға жұмыс жүргізілуін тапсырды.