Мойынқұм таңы

Мәртебелі мамандыққа адал жандар марапатталды

0 7

Ауданымызда заң үстемдігін қам­­­тамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында «Заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету» атты маңызды жиын өтті. Іс-шараға аудан әкімі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, аза­маттық қоғам мүшелері және құқықтық мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан тұрғындар қатысты.

Шараны ашқан аудан әкімі Ермек Карентаев бұл жиынның 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні және 10 желтоқсан – Адам құқықтары күнімен тұспа-тұс келуі оның маңызын айқындай түскенін атап өтті. Әкімнің айтуынша, заңдылықты сақтау, ашықтықты қамтамасыз ету және әр азаматтың құқығын қорғау – қоғам тыныштығы мен тұрақтылығының берік негізі.

Жиын барысында аудан аумағында жыл басынан бері құқықтық тәрбие мен қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жұмыстардың жүйелі жү­гізіліп келе жатқаны айтылды. Соның нәтижесінде тұрғындар арасында құқықтық мәдениет деңгейі өсіп, жауап­кершілік қағидаттары нығайып келеді.

Заң мен тәртіп идеологиясын да­мытуға үлес қосқан азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. «Мойынқұм ау­данына 60 жыл» мерейтойлық медалі келесі азаматтарға табысталды: Садуов Алмас Әділханұлы, Биділдаев Саттар Болатұлы, Мұқашев Медет Сәкенұлы және Әлімқұлов Руслан Әділханұлы.

Аудан әкімінің Құрмет грамотасымен Темірғали Дәулет Лауратұлы мен осы жолдардың авторы марапатталды. Алғыс хатқа орталық аурухананың дәрігері Абдироманов Шыңғыс Пернебекұлы, Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Бейсенбек Нұрислам Қосанұлы және полиция лейтенанты Әуесбек Әлішер Саруарханұлы ие болды.

Жиында марапат иелерінің өз кәсібіне адалдығы, ауданның құқықтық мәдениетін көтеруге қосқан нақты үлестері атап өтілді. Қоғамда әділдік пен тәртіп қағидаттарын қалыптастыру жолындағы еңбектің маң­ызы ерекше екені айтылды.
Іс-шара соңында аудан басшылығы заңға құрмет көрсету мен қоғам тыныштығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте атап өтті.