Мойынқұм таңы

Мәжіліс депутаты ауданымызда

0 17

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Гүлдара Алданышқызы Нұрым Мойынқұм ауданына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар мақсаты – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысып, ауыл тұрғындарының көкейіндегі мәселелерге құлақ түру.

Сапар барысында Мәжіліс депу­та­тына аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев, оның орынбасарлары Әлібек Нурадинов пен Мейірхан Төлеулиев, «AMANAT» партиясының аудандық филиа­­лының төрағасы Манарбек Көшкімбаев және бірқатар бөлім басшылары ілесіп жүрді.

Халық қалаулысының сапары Айдарлы ауылынан басталды. Мұнда Гүлдара Нұрым жаңадан бой көтеріп жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс толықтай аяқталып, нысан пайдалануға дайын. Кешенде балалар мен жастар үшін баскетбол, волейбол, бокс, күрес секілді спорттық секциялар ашу жоспарланған.

Депутат ауылдық мәдениет үйінің құрылысын аралап көрді. 90 орындық клуб заманауи талаптарға сай салынып, ішкі жабдықтармен толық қамтамасыз етілгенін көрді. Сонымен қатар, ауылдық кітапхананың да толық жаңартылып, жаңа жабдықтармен қамтылғаны мәлім болды.

Айдарлы ауылының тұрғындарымен кездесуде депутат жергілікті халықтың өзекті мәселелерін тыңдады. Тұрғындар ауылдық амбулаториядағы медициналық жабдықтардың жеткіліксіздігін айтып, күндізгі стационар ашуға ықпал етуді сұрады. Депутат бұл мәселенің шешілуі үшін тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізілетінін айтып, қолдау білдіретінін жеткізді.

Сапар аясында депутат Бірлік ауы­лына да ат басын бұрып, күрделі жөн­деуден өткен саябақпен танысты. Ел игілігіне берілген замануи демалыс орны ауыл тұрғындары үшін тартымды қоғамдық орынға айналуда. Мұнда балаларға арналған алаңқай, серуен жол­дары мен көгалдандырылған аймақ­тар орналасқан. Сондай-ақ депутат Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектептің күрделі жөндеуден өткеннен кейінгі жағдайымен танысты. Білім ордасының жаңа келбеті, оқу кабинеттерінің жабдықталуы, ма­те­риалдық-техникалық базасының жа­ңаруы — білім сапасына оң әсер ететіні сөзсіз.

Сапар соңында депутат Биназар ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт­тің жұмысымен танысты. Медици­налық қызмет көрсету сапасы, мамандардың жұмысы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуы – барлығы назардан тыс қалған жоқ. Мәжіліс депутаты медицина саласына қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлерді тыңдап, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.

Бұл сапар – тек нысандарды аралау ғана емес, халықпен тікелей байланыс орнатудың, олардың көкейіндегі мәсе­лелерге назар аударудың жарқын көрінісі болды. Халықпен тығыз байланыс орнатуға бағытталған бұл сапар елмен етене жақын болуға, жергілікті жердегі түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуге бағытталған маңызды қадам болды.