25 қазан – Республика күні мерекесіне орай, Мойынқұм ауылының орталық алаңында ел рәміздеріне деген ерекше құрметпен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ермек Карентаев бастаған аудан басшылығы, мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрӨғындары қатысты. Рәсім барысында көк ту биікке көтеріліп, мемлекеттік Әнұран асқақтата шырқалды. Елдің айбынын айқындап, рухты көтерген бұл сәт жиналған жұрттың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялатты.
Мереке одан әрі аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұл күн – Тәуелсіздікпен тұтастықтың, ел мен ердің намысын биікке көтерген айбынды мереке. Көкбайрақ желбіреген сәтте мойынқұмдықтар тағы бір мәрте өз елінің азаттығына, мемлекетінің мәңгілігіне деген сенімін жүрек түкпірінде жаңғыртты.