Өткен аптада аудан орталығындағы атшабарда Жамбыл облысының 85 жылдығына орай бәйгеден Мойынқұм ауданының ашық турнирі өтті.
Бәйгеге Шу, Т.Рысқұлов аудандарының және Алматы облысы мен ауданымыздың ат құмар шабандоздары қатысты. Ат бәйгесінің ашылу сәтінде аудан әкімі Ермек Карентаев шабандоздарға сәттілік тіледі. Ауа райының суықтығын елемеген шабандоздар жалдарынан жел есіп, атқан оқша зулаған арғымақтар қарымын осы дүрмекте сынады. Барлығы 25 сәйгүлік қосылған дүбірлі дода тай жарысы, аламан бәйге болып екі топқа бөлінді.
Бәйге тай жарысынан басталды. Онда ауыздығымен алысқан 15 сәйгүлік жарыс жолына шықты. Нәтижесінде Т.Рысқұлов ауданы Құмарық ауылынан келген Ерік Мейірбектің «Қалдыкүреңі» бірінші болып мәре сызығын кессе, құландықтар Орынбасар Нұрымның «Бұйрығы» екінші, Көкімбай Мирастың «Дубайы» үшінші болып келді. Төртінші орын құландық Ақжүрек Жалғасбаевтың «Бойтұмарына» бұйырса, бесінші болып Балуан шолақтық Нұрисламның «Шахы» үздік бестікті түйіндеді.
Бәйгенің көркін аламан ашты. Бұл додада 10 шабандоз бақ сынасты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» осы 21 шақырымдық аламан бәйгесінде анықталды.
Аламан бәйгесінде 10 ат жеті айналым бойынша жарыс жолына шықты. Бұл жарыста бірінші орын мойынқұмдық Нұрисламның «Жұлдыз» атты сәйгүлігіне бұйырды. Екінші орынды тарғаптық (Алматы облысы) Орынбасар Айсұлтанның «Ханторысы», үшінші орынды Мирастың «Гүлсарысы» алды. Ал төртінші, бесінші орындарды құландық шабандоздар Мұратхан Шерханның «Асуы» мен Мейірбек Жайнақұлының «Ақтанауы» өзара бөлісті.
Бәйге соңында аудан әкімдігі спорт және денешынықтыру бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Темірхан Жұмағұлов сөз алып, ұлттық спортты дамытуға елеулі үлес қосып жанашырлық танытып жүрген Мойынқұм аудандық сотының төрағасы Бағлан Далибаевқа, елжанды азамат Бәкен Бейсебаевқа, Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Кенже Абайға алғысын білдірді. Содан соң делебе қоздырар доданы өткізуге атсалысқан елжанды, тілеулес жоғарыда есімі аталған азаматтар жеңімпаз шабандоздарға бағалы сыйлықтар мен мадақтама қағаздарын тапсырды.