Мойынқұм таңы

Мерекелік іс-шаралар өтті

0 27

1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол кезден бастап Қазақстан егеменді елге айналуының алғышартын бастап кетті. Еліміздің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.Ұлттық мереке Республика күнін аудан жұртшылығы кең көлемде атап өтті. Мерекенің маңызын айшықтай түсетін шаралар мен жиындар, мерекелік концерттер мен спорттық ойындар әр ауылдық округтерде жаппай өткізілді.

Аудан орталығы «Абылайхан» алаңында «Туған елім, мекенім — Қазақстан» атты аудан тұрғындарына арналған концерт өтті. Оған аудан әкімі Ермек Карентаев, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, мекеме, бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Алдымен мемлекеттік Ту көтеріліп, Гимн орындалды. Содан соң концерттік бағдарлама басталып кетті. Концерттің шымылдығын аудандық мәдениет үйінің әншісі Гүлгүл Тәйтімова «Қазақстаным менің» әнімен ашты. Сонымен қатар Жансерік Пәрмеш, Аружан Пернебек, Ержан Омаровтар «Текті қазақ», «Қазақс­таным», «Отаным» әндерін көрермен қауымға ұсынса, Қажымұрат Әбдіқадыров «Алға» атты әнімен тың­даушы көрерменге патриоттық сезім сыйлады. Әншілерге риза болған жұртшылық қошеметін аямады. Осылайша аудан орталығында өткен мәдениет үйі әншілерінің мерекелік әншашуы аяқталды. Ал аудан тұрғындары мен қонақтары арнайы дайындалған баннерге суретке түсіп, тарқасты.

Сонымен қатар Ұлттық мереке Республика күніне байланысты ауыл­дық округтерде де түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, Құмөзек, Күшаман, Көкжелек, Бірлік, Биназар, Хантау, Шығанақ ауылдарында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қазақ күресі, үстел теннисі сынды ойындар мен «Толағай» отбасылық сайысы өтті. Аталмыш ойындарды «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» ұйымдастырды.
Құмөзек ауылында оқушылар арқан тартысса, Күшаман, Биназар ауылында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан ере­сектер бақтарын сынады. Ал Көкжелек ауылының жастары волейболдан ауылдық турнир өткізді. Онда жүлделі орындарға түрлі сыйлықтар мен марапаттар ұсынылды.

Бірлік ауылында айтулы мерекеге орай ауылдық клубта «Қазақ елі – менің Отаным» атты концерт өтті. Онда ауылдық округ әкімі Қуаныш Оспанов ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Ал клуб қызметкерлері ән-жырдан шашу шашты. Сонымен қатар ауылдың спорт кешенінде 2012-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аудандық турнир өткізілді. Онда турнирді ауыл әкімі Қуаныш Мәлібекұлы ашып, турнирге қатысушы балуандарға сәттілік тіледі. Турнирде 9 салмақ дәрежесінде 130 спортшы қатысып, бақтарын сынады.

Шығанақ ауылдық округінде де ересектер арасында үстел теннисінен ауылдық турнир өткізілді. Жарысқа 15 спортшы катысып, жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Нәтижесінде 1-орынды Жанат Майшекеев иеленсе, 2-орын Берік Қойшыбековке бұйырды. Ал 3-орынды Нұржан Карбозов қанағат тұтты. Жеңіске жеткен спортшыларға арнайы грамота, медальдар табысталды.

Хантау ауылындағы C.Сейфуллин атындағы шағын орталықты орта мектебінде жас отбасылар арасында «Толағай» отбасылық сайысы өтті.

Спорттық шараны ауыл әкімі Әнуар Сейітқазиев пен C.Сейфуллин атындағы шағын орталықты орта мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Жанар Сәрсембетовалар ашып, жас отбасыларға сәттілік тіледі.

Республика күніне орай ұйымдастырылған сайыстың мақсаты — осынау атаулы күнді жас отбасылар арасында кеңінен насихаттап, отбасы беріктігін қалыптастыруға ықпал ету, отбасы мүшелерін бір-бірімен тығыз қарым-қатынасқа шақыру болды.

Аталмыш сайыста бас төреші Қ.Мұсабаев жарыс ережесі мен тәртібін түсіндіріп, қатысушы 5 отбасыға сақтық шараларын назарда ұстауға шақырды. Онда жас отбасылар қаппен секіріп, кедергілерден өтіп, ерекше ойын өрнегін құрды.
Сайыс нәтижесі бойынша 1-орынды Әбішевтер, 2-орынды Жанболатовтар, 3-орын Туйешиевтер отбасына бұйырып, жүлдені отбасылар осылайша өзара бөлісті.
Бұл байқау өз кезегінде жас отбасылардың мерейін тасытып, сайысқа қатысқан барша отбасыға ынталандыру сыйлығы табысталды.

– «Толағай» отбасылық байқауы ауылымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырғандықтан аздап кем-кетігі болды. Бірақ оны отбасылық командалардың белсенділігі жуып-шайып кетті. Негізінен, барлық командалардың арасындағы ұпай санынан айырмашылықтары көп емес. Алдағы уақытта отбасыларға жігер беретін бұқаралық шараларды көптеп ұйымдастырғанымыз жөн. Сонда, толағайларымыз көпшілік алдында шыңдалып әлі де талай шыңдарды ба­ғындыратын болады», — дейді қатысушы Гауһар Дүйсенова.