Мойынқұм таңы

Мойынқұм ауылында дүбірлі бәйге өтті

0 115

Наурызнама онкүндігіндегі 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай, Ұлттық спорт түрлерін және спорттың бұқаралығын арттыру туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауларында айтылып, ұлттық спорт түрлеріне ерекше мән берілуде. Айтулы күнге орай аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен қазақ халқының ежелден сүйіп айналысатын ұлттық спорт түрлерінің бірі – ат бәйгесі жарысы ұйымдастырылды.

Расында шаң қаптырар шабандоздар жарысы бағы мен бабы қатар келген шын жүйріктерді анықтады. Жарыс Аламан және Құнан бәйге түрлерінен өтті. Мойынқұм ауылының атшабарында өткен ашық бәйгеге облыстың Шу, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай аудандарынан барлығы 30 жүйрік сәйгүлік қатысты.
Кұнан бәйгеден 1-орынды Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны Қасым Ермекбаевтың Сары қыз атты сәйгүлігімен Айсұлтан Асқар есімді шабандоз, 2-орынды Мойынқұм ауылының тұрғыны Болат Ахмедовтың Жезкиік атты сәйгүлігімен Нұрислам Серік есімді шабандоз, 3-орынды Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны Қасым Ермекбаевтың Қара шымшық атты сәйгүлігімен Әлімхан Нұрлыбек есімді шабандоз иеленді.

Ал Аламан бәйгеден Мойынқұм ауылының тұрғыны Алмас Бейсеновтың Жұлдыз атты сәйгүлігімен Айқын есімді шабандоз 1-орынды, Жамбыл ауылының тұрғыны Нұрдәулет Нұрмаханның Қарагер атты сәйгүлігімен Мирас Нұрболатұлы есімді шабандоз 2-орынды, Мойынқұм ауылының тұрғыны Бәкен Бейсебаевтың Көк қоян атты сәйгүлігімен Арнат Мұратхан есімді шабандоз 3-орынды, Жамбыл ауылының тұрғыны Тәттімбет Бердіғұловтың Ұшар атты сәйгүлігімен Нұртас Қайрат есімді шабандоз 4-орынды, Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны Қасым Ермекбаевтың Гермес атты сәйгүлігімен Әлімхан Нұрлыбек есімді шабандоз 5-орынды жеңіп алды. Аламан бәйгенің жүлдегерлеріне ат әбзелдері сыйға тартылды.
Атшабарға жиналғандардың ұсынысымен тай бәйгесі ұйымдастырылып, Күшаман ауылының тұрғыны Жақсыгелді Ақбергеновтің демеушілігімен бірінші орынға 50000 теңге қаржылай жүлде тігілді. Сонымен қатар бірінші, екінші орындарға ат әбзелдері тапсырылды.

Тай бәйгесінен 1-орынды Мойынқұм ауылынан Айдар Жиенқұловтың тайы, 2-орынды Бірлік ауылынан Исатай Үкітаевтың тайы, 3-орынды Мойынқұм ауылынан Зият Исаевтың тайы жеңіп алды.