Мойынқұм таңы

Мойынқұм өңірі ән мен күйге бөленді

0 25

Жақында Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында «Мәдениет – асыл қазынам» атты ауданымыздың мәдениет күндері өтті.

Әуелі Бірлік ауылындағы «Көктерек» аллеясында жаңа мұражай мен кітапхана ашылды. Бұл мәдени орын ауыл тұрғындары мен қонақтарына ел тарихына терең үңіліп, мәдени мұрамен және әдеби байлықпен танысуға мүмкіндік береді. Жаңа нысан демеушілердің қолдауымен салынған.Кітапхана екі негізгі бөлмеден тұрады: бір жағында ауыл тарихын айшықтайтын мұражай орналасса, екінші жағы ауыл тұрғындарына және қонақтарына кітапхана ретінде қызмет етеді. Мұражайдағы экспозиция ауылдың мәдениеті, тарихы мен салт-дәстүрлері туралы маңызды мағлұматтарды қамтиды. Ал кітапхана жергілікті халықтың оқу мәдениетін көтеруге, білім алуға ықпал етеді.

Ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай бастаған делегациямен бірге аудан басшысы Ермек Карентаев аудандағы мәдениет күндерін жаңа кітапхананың лентасын салтанатты түрде қиюмен бастады. Ашылу рәсімі ауылдың мәдени өміріндегі маңызды оқиға болып табылады. Бұл жоба мәдениет пен білім саласындағы маңызды қадам болды.
Жиында Серік Жақсылықұлы құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

Бұдан кейін ауылда ұлттық ойындардан көріністер көрсетілді. Іс — шараға келген қонақтар және зиялы қауым өкілдері аудан орталығы Мойынқұм ауылындағы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты рәсімге ауыл ақсақалдары, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары С.Сәлемов, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Жүнісбай, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғ.Садырбаев, аудан әкімі Е.Карентаев және Мойынқұм ауданының зиялы қауым өкілдері қатысты.

Содан кейін мәдениет күндері аудан орталығындағы «Абылайхан» алаңында өтті. Тарихы бай, жыр-дастандарға арқау болған киелі мекендегі мәдени-көпшілік іс-шараның шымылдығы аудан орталығының алаңында қазақ салт-дәстүрлерінен көріністер, ауыл шаруашылық жәрмеңкесі, кәсіпорындар өндіретін қазба байлықтар және қолөнер, зергерлік бұйымдар, ағаш ұстасы көрмелерін тамашалаудан басталды.
Кіреберісте жастарды тербеткен «Алтыбақан», қолөнер шеберлерінің ауылы, ауданның тарихы мен жетістіктері жайында қойылған түрлі көрмелер қонақтарды баурап алды.

Жиынның ашылуында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Ермек Карентаев:
-Мойынқұмның жер асты қазынаға толы, үстіндегі табиғаты әр-алуан. Фаунасы мен флорасы әлемде сирек кездесетін тіршілік иелерімен ерекше! Еліміздеәйгілі болған, бүт қазақ елінің абыройын асқақтатқан тұл­ға­ларымен де танымал. Біз екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков сынды ұлы тұлғаларымыз дүниеге келген киелі жердің иесіміз.
Төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу үшін өткізіліп отырған бүгінгі «Мәдениет – асыл қазынам» атты шараның аудан үшін орны ерекше.

Ең алдымен, баршаңызды осы атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Аталған шараны өткізудегі мақсатымыз – аудан халқының береке-бірлігін, ауыл мәдениетінің дамуы мен жетістіктерін көрсету. Ауданымыздан шыққан кешегі мәдениет қайраткерлерінің есімін дәріптеп, жаңа есімдерді паш ету,- деген аудан басшысы Ермек Амангелдіұлы жиналған көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.
Орталық алаң 150-ден аса жас өнерпаздардың өнерімен әрленді, театрландырылған көріністер қойылып, бұрымдылар қазақи нақышта би биледі. Сондай-ақ алғаш рет әуе шары үрленіп, мәдени шараның көркін ашты. Спорт түрлерінен жарыстар да ұйымдастырылды.

Аталмыш іс-шара барысында аудан тұр­ғындары мен меймандары жайылған дас­тар­хандағы ұлттық дәмнен ауыз тиіп, халқымыздың барлық тұрмыс-салтын көрсеткен қыз-келіншектердің күбі піскеніне зер салды. Мерекелік іс-шара әрі қарай «Мәдениет – асыл қазынам» атты концертке ұласты. Әуелеген ән кешінің жұлдызды қонағы ретінде танымал әнші Ернар Айдар арнайы келіп, әндерін орындап, көрерменнің көңілін көтерді. Сондай-ақ, думанды кеште «Тараз» триосы және ауданнан шыққан өнер иелері әуезді әндерін орындады.