Мойынқұм таңы

Мойынқұм – құт мекенім

0 21

Осы дүйсенбіде ауданның 60 жылдығына орай, алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес әр ауылда «Мойынқұм – құт мекенім» тақырыбында мерекелік іс-шаралар бастау алды. Алғашқы ауыл күні аудан орталығына ең жақын орналасқан Жамбыл ауылында ұйымдастырылды.

Бұл айтулы шара аудан әкімінің әлеуметтік саласына жетекшілік етуші орынбасары Мейірхан Төлеулиевтің бекіткен кестесіне сәйкес сарапшылар қатарынан табылып, мерекелік кештің куәсі болып қайттым.

Ауылдың кіре берісінен орталық алаңға дейін ұлттық нақышта бе­зендіріліп, ауыл тұрғындарының ме­­­­­рекеге жоғары деңгейде дайын­далғаны бірден байқалды. Кіреберістен бастап қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптейтін көрме ұйымдастырылып, екі киіз үй тігілді. Жанында кітап көрмесі қойылып, оң жақ қапталда ұлттық спорт алаңшалары дайындалды. Қазақ күресінен өткен қызу жарыс көрермендерді бір серпілтсе, алаңның қақ ортасындағы қазақы нақышта безендірілген сахнада концерттік бағдарлама өтті. Сонымен қатар, «Жазата ауылы» бұрышы арнайы жабдықталып, келушілерге таныстырылды.

Бағалаушы комиссия мүшелері ауыл тұрғындарының еңбегі мен игі істерімен танысып болған соң, мерекелік концерттік бағдарлама басталды. Шараны ашу үшін сөз кезегі аудан әкімінің аппарат басшысы Нұркелді Қазақбайұлына берілді. Ол жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, ауылдың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды «Ауданға сіңірген еңбегі үшін», «Спорт саласына қосқан үлесі үшін» медальдарымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады.

Мерекелік кештің сәнін ауылдың түлектері мен дүлдүл әншілері – Нұрлыхан Мұсабеков, Есім Орынбаса­ров, Азиза Естаева, «Сармат тобы» және басқа да өнерпаздар қыздыра түсті. Кеш соңы ұлттық спорт түрлеріне ұласып, ауыл тұрғындарының демеушілігімен ат жарысы ұйымдастырылып, көкпар тартылды.
Мерекелік шарадан кейін ауыл ақсақалдары мен арнайы шақырылған қонақтар киіз үйлердегі дастархан басына шақырылып, ақ баталарын берді.

Бұл игі шара – ауданның 60 жылдық мерейтойына арналған мерекелік бағдарламалардың тек бастамасы ғана. Алдағы күндері өзге ауылдарда да осындай думанды кештер жалғасын таппақ.

* * *

Міне, осындай дүбірлі той сәр­сенбінің сәтінде Көкжелек ауылдық округінде өз жалғасын тапты. Мұндағы дайындық та жоғары деңгейде ұйым­дастырылып, келген қонақтар ерекше құрметпен қарсы алды.

Мерекелік шараға орай мектеп ауласының кіреберісіне «Қызыл кілем» төселіп, арнайы құрмет көрсетілді. Талапқа сай киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт ойындарына арналған алаңдар, кітап көрмесі мен ұлттық нақыштағы сахна безендірілді. Көкжелек және А.Назарбеков ауылдарының тұрғын­дары бірлесе атсалысып, ұйым­шыл­дықтың жарқын үлгісін көрсете білді.

Келген комиссия мүшелерін ауыл тұрғындары «Қызыл кілеммен» күтіп алып, өздері әзірлеген көрмелерін та­ныстырды. Көрмеде ерекше көзге түскен дүниелердің бірі – «Гиннес­тің рекордтар кітабына» енген Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің Сызу және қолөнер пәнінің мұғалімі Жазира Сейітжанованың оқушылары жасаған қолөнер туындылары, әсем­дігімен көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.

Содан соң мерекелік концертті ауыл ақсақалы Сіргебай Иманбековтің ақ батасымен ашылды. Шара барысында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, комиссия мүшесі Мәлік Мұқашев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Манарбек Көшкімбаев және аудандық мәслихат депутаты Пернебай Рысым­бе­­товтер құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарына жылы лебіздерін білдірді.

Мерекелік күнде концерттік бағ­дар­ламамен қатар қазақ күресінен сайыс ұйымдастырылып, қатысушылар өз шеберліктерін ортаға салды. Кө­рер­­мендер жарысты қызыға та­машалап, балуандарды қолдап отыр­ды. Шара соңында қонақтар киіз үйлерге шақырылып, кең жайылған ақ дастарханнан дәм татты.
Көкжелек ауылдық округінде өт­кен бұл мереке – ұлттық құндылық­тарымызды дәріптеп, ауылдың бірлігін көрсеткен тағылымды шара болды.