Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрмесінде Мойынқұм шеберлері ұлттық нақыштағы бұйымдарын қала қонақтарына таныстырды. Аталмыш көшпенділер ойындары аясында Аламан құрақ қатысушыларымен бірге рекорд орнатқаны үшін мойынқұмдық тігіншілерге «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергеновтің сертификаты табыс етілді. Бір мезгілде кілем тәріздес жайылған 450 көрпенің жалпы көлемі 11200 кв метрді құрады. Ені бойынша 16 қатар-40 метр, ұзындығы бойынша 28 қатар-252 метр болса, көрпе өлшемі 250/90 см.
Көрпе тігу барысында «Аламан», «Сынық мүйіз» тәрізді құрақ техникалары және төртқұлақ қошқар мүйіз, өсімдік оюлары қолданылған. Жобаға еліміз бойынша 450 құрақшы қатысты. Олардың көрпесі төселгенде үлкен кілем тәріздес көздің жауын алды.
Өткен жылы Рәміздер күніне орай мойынқұмдық тігіншілер қазақтың құрағын әлемге паш етіп, Астана қаласында ұзындығы 500 метрлік құрақ көрпені тігуге атсалысып, Ту түстес қолөнер туындысын жасап шыққанын бұған дейін де жарияладық.
Бұл жолы әлемнің сексеннен астам елінен келген меймандар қазақ оюларының қолөнеріне тәнті болып, Ұлы дала елінде рухы мықты ел барына көз жеткізді. Әлимсақтан қалыптасқан шеберліктің үлгісі бесінші халықаралық көшпенділер ойындарында дәріптелді. Қазақтың құрағын әлемге танытуды көздеп келген аламан құрақ жобасына түкпір-түкпірден жиналған өзге ұлт өкілдері әр қазақтың төрі сұлулыққа толы екенін білді. Қазақтың құрағы ақ ниет, кеңпейілділік пен қонақжайлықты насихаттайтынын айтып, әлемге әдемі көзқарасты жеткізді.
Ұлы дала дүбіріне ауданымыздан 12 қолөнер шебер барып қайтты. Қазақстанның жаңа рекордын орнатқан қолөнершілер қатарында ауданымыздағы ұстаздар, зейнеткерлер, тігіншілікті кәсіп еткен аналар да бар. Атап айтқанда Аманкүл Дәметова, Тазакүл Станбекова, Ләйлә Қорысбаева, Жазира Сейітжанова, Марал Көкежанова, Ақмарал Қалымбетова, Айгүл Нұрлыбаева, Гүлмира Әденова, Бақтыгүл Түсіпжанова, Мөлдір Сансызбаева, Гүлнұр Сәмбетова, Алма Таубазаровалардың еңбектері зор.