Мойынқұм таңы

«Мойынқұм таңы» – ел шежіресі

0 15

Биыл аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің жарық көре бастағанына 60 жыл толып отыр. Бұл – бір басылым үшін ғана емес, тұтас аудан үшін айтулы тарихи белес. Алпыс жылдық мерейтой – осы өңірдің шежіресін тасқа басып келген рухани тірегіміздің, ақпарат айнасының жаңа биікке қадам басқан тұсы. Кеңестік кезеңде «Коммунизм таңы» деген атпен алғаш рет оқырман қолына тиген бұл басылым алғашқы күннен бастап аудан өмірінің әр саласын қамтып, Мойынқұм жұртының жүрек лүпілін жеткізіп отырды. Уақыт өте газеттің аты өзгерді, бірақ айқындамасы өзгерген жоқ – халықтың сөзі, елдің үні болып қала берді.

Жылдар бедерінде бұл қарашаңырақта талай-талай қаламгерлер еңбек етті. Олардың есімдері аудан ғана емес, облыс, республика көлеміне танымал болды. Ағалар жолын ардақ тұтқан біз үшін Серік Әлімбетов, Татыбай Қожамұратов, Зал Жүнісов, Рахан Мөмей, Ұзақбай Маралбаев, Қали Тәттібеков, Жұмахан Сарыбаев, Боранқұл Құрманбаев, Орынбай Тасыбеков және тағы басқа журналистердің өнегесі – мектеп. Олар әр нөмірге жүрегін, жанын салды. Олар жасаған іргетастың мықтылығы – бүгінгі «Мойынқұм таңының» тұрақтылығы мен абыройының кепілі.
Алғашқыда қол теріммен шыққан басылым 2003 жылы А-4, ал 2011 жылдан 2021 жылдың 1 маусымына дейін А-3 форматпен жарық көрді, сол уақыттан бері заманауи технологиямен, бірінші және соңғы беттері түрлі-түсті D-2 форматында шығарылуда. Редакцияның мате­риалдық-техникалық базасының жақсаруына, журналистердің әлеуметтік жағдайына ауданда әкім болып қызмет атқарған Бағлан Қарашолақов, Кәрім Көкірекбаев, Оңдасын Жиенқұлов, Төлеухан Оспанбеков, Мәден Мұсаев, Болат Рысмендиев, Сәкен Арубаев, Болат Мәдікенов, Бақытжан Нұркенов, Әлихан Балқыбековтер көп көмек көрсеткен. Қазіргі таңда алдыңғы буын ізімен аудан әкімі Ермек Карентаев та газетімізді барынша қолдап келеді.

Бұл күнде аудандық басылым – аудан тұрғындарымен тұрақты қарым-қатынаста. Оқырманның сенімін ақтау – ең басты қағидамыз. Уақыттың талабына сай әлеуметтік желі кеңістігіне де белсенді шығып отырамыз.

Қазіргі таңда газетіміздің редакциясында 8 қызметкер тынымсыз еңбек етуде. Бес қызметкер аудандағы редакцияда жұмыс жүргізіп отырсақ, үш қызметкер Тараз қаласында өз жұмыстарын қалтқысыз атқарып отыр. Жекелей тоқталатын болсақ, редакциямыздың бас директоры Олжас Ғалымұлы Иенберген Тараз қаласынан газеттің жасалуы мен басылып шығуына қадағалау жүргізіп отырса, мен аудан орталығынан сол газетке салынатын барлық материалдарды сараптан өткізіп, дайындап газет бетіне түсуіне ықпал етіп, бас редакторлық қызметті атқарып отырмын. Әрине, ұжымда тек басшылық етумен ғана жұмыс жүрмейді, білікті, тәжірибесі мол тілші Жолдыбай Сейілханұлы Дәметов ағамыз, корректор Арай Серікқызы Әлімбетова әпкеміз, оператор-программист Назгүл Мешітбайқызы Әлиева әпкеміз бен менің орынбасарым Алуа Гаухарбайқызы Үмбетқұловалармен бірге ау­дандағы тың ақпараттарды жинақтап, оқырман назарына ұсынылуы үшін еңбек етіп жатсақ, өз ісінің қас шебері, білікті газет дизайнері Гүлмира Лесбекқызы Наурызбаева Тараз қаласында газет сұлбасын жасап, әрлеп, басылымға дайындап береді. Сонымен қатар, атқарылған әр жұмыстың еңбекақысы мен ұжымның кіріс-шығысын есептеп, газеттің қаржысынан шашау шығармай тиімді жұмсап отырған есепшіміз Гүлнәр Мұхамедқызы Кибаева да облыс орталығында өз жұмысын тиянақты орындап отыр.

Осы жылдар бедерінде газетімізде жарқ етіп көрініп, аз ғұмырында көп іс тындырған жастардың бірі – әріптесіміз Қуаныш Қайырғалиұлы Көбенғараев еді. Ол қаламға адалдығымен, жаңалыққа құштарлығымен көзге түсті. Қуаныш өмірден ерте озғанымен, ол қалдырған мақалалар мен ел есіндегі жылы бейнесі – мәңгілік. Біз оны әрдайым ізетпен еске аламыз. Оның еңбегі – «Мойынқұм таңының» тарихындағы жарқын беттердің бірі. Алланың берген тағдырына адам баласының өкпе айтар жөні жоқ. Дегенмен де іштегі қимастық жаны жайсаң, жұмысы көңіл толтыратын, әрбір адамның көңілін тауып, жақсылық жасаудан ешбір аянбаған, ешкімнің көңіліне қаяу салып көрмеген, білікті, алғыр, елгезек, жанашыр әріптесіміз Қуаныштан мәңгілікке айырылып қалғанымыз қабырғамызды қайыстырады. Қуанышты таныған әрбір жанның ойында мен жоғарыда сипаттаған қасиеттері мен оның жақсы қылықтары қалары анық, себебі Қуаныштың айналасына шуақ шашқан нұрлы жүзі біздің де, оны таныған оқырмандардың да жадында сақталады деп сенемін. Жаның жәннатта болсын, Қуаныш, біз сені ешқашан ұмытпаймыз.

Біздің редакцияның жұмысы – жалаң ақпарат тарату емес, жауапкершілікпен өрілген азаматтық миссия. Газет – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Газет – ауыл тіршілігінің, адам тағдырының куәгері әрі шежірешісі. Біз осы жауапты жолда ескі ұстанымдарымызды жоғалтпай, жаңа мүмкіндіктермен қатар ілесуге бар күшімізді салып келеміз.

Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Тәуелсіз Қазақстанның ертеңіне сенетін ұжым ретінде «Мойынқұм таңы» ел дамуына, рухани жаңғыруға, ұрпақ тәрбиесіне қызмет етуді жал­ғастыра бермек. Алпыс жылдық тарихы бар газеттің әлі де алар асуы, жетер белесі көп екеніне сенеміз.

Осы мерейлі сәтті пайдалана отырып, басылымда еңбек еткен барлық арда­герлерге, бірге жүрген әріптестерге, адал оқыр­мандарымызға алғысымды білдіремін.

Қасиетті Мойынқұм – біз үшін шабыт, ал «Мойынқұм таңы» – ел жүрегінің үні.
Газетіміздің 60 жылдығы құтты болсын!
Ардақ тұтар айдарымыз биіктей берсін!