Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек іссапармен ауданымызда болды. Сапарын Шу өзенінің бойындағы, «Ақиық» каналының байлауы тұсына соғылғалы жатқан су қондырғысының орналасу жағдайымен танысумен бастады.
Нысанның орналасуын талқылау үшін облыс әкімінің орынбасарымен қатар Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейтбеков, аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марапат Қырғызбай, Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Тұрарқұл, жеңімпаз мердігер «СИНДИКАТ ГРУПП» ЖШС директоры Рәтбек Серікбаевтар құрылыс орнына барды. Онда Қанатбек Қайшыбекұлы су қондырғысын орналастыру жайында аудан әкімдігі мен мердігер өкілдеріне бірқатар сұрақтар қойып, өзінің пікірін білдіріп, нысанның жоспарына өзгеріс енгізу туралы да сөз қозғады.
Келесі кезекте жұмысшы топ Радай көпірі құрылысының жағдайымен танысты. Ол жерде аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаев пен жеңімпаз мердігер «ЖБИ-С» ЖШС директоры Мирдиёр Махкамбаев болып Қанатбек Қайшыбекұлына көпір құрылысы бойынша атқарылған және атқарылар жұмыстар жайында толық ақпарат берді. Атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген облыс әкімінің орынбасары мердігерге халықтың игілігіне салынып жатқан көпірдің сапасына асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырып, халықтан алғыс алу бұйырсын деп, істеріне сәттілік тіледі.
Айта кету керек, Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысын жүргізу үшін жоба құны 626 млн. теңгені құрады.
Мемлекеттік сатып алу порталына ашық конкурс жарияланып, 573,9 млн. теңгеге жеңімпаз мердігер ЖШС «ЖБИ-С» анықталып, 18 наурыз 2024 жылы №18 келісім шарт жасалды. Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан құрылыс жұмыстарын бастау туралы хабарлама мамыр айында алынды, алынған күннен бастап құрылыс ұзақтығы 10 айды құрайды.
Қазіргі таңда 24 маусымнан бастап Шу өзені бекітіліп, айналма жол салу жұмыстары жүргізіліп, демонтаждау жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта қадалар (свай) орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2025 жылға өтпелі.