Облыстық мәслихат төрағасының 2025 жылғы 17 шілдедегі №55-ө өкімімен құрылған уақытша комиссия, облыстық мәслихат депутаттары Андрей Савченко, Жанат Бастаубаева, Бақытжан Қалымбетов және облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторлары Рүстем Айдынбеков, Сеит Календеров 13-15 тамыз аралығында ауданымыздағы денсаулық сақтау саласы мекемелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Зерделеу жұмыстарын Кеңес ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның атқарып отырған жұмыстарымен танысудан бастады.
Сапардың мақсаты – Мойынқұм ауданында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау дамуының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру мәселесі бойынша алдағы облыстық мәслихат сессиясына материалдар дайындау. Жұмыс сапары барысында ауруханалар мен амбулаториялардың материалдық-техникалық базасының жағдайы, медицина кадрларымен, соның ішінде учаскелік дәрігерлермен және тар бейінді мамандармен қамтамасыз етілуі, өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін басты назарға алды.
Облыстық мәслихат депутаттарына аудандық орталық аурахананың бас дәрігері Бағлан Жүнісбеков жергілікті амбулатория, емханалар мен ауруханалардың жағдайын таныстырып, медицина қызметкерлерімен және тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді анықтады. Қордаланған мәселелер мен нақты ұсыныстар жинақталды.
Атап айтқанда, аудандық ауруханаға заманауи реанимобиль қажет; Мамандар тапшылығы сезілуде (инфекционист, онколог-маммолог, рентгенолог, психиатр, офтальмолог және т.б.);
Аурухана ғимаратын жаңғырту жұмыстарына ЖСҚ дайындалуда, кейін қаржыландыру қажет болады;
Компьютерлік томография (КТ) аппаратымен қамтамасыз ету – күн тәртібінде;
Облыстық мәслихат депутаттары Қылышбай және Шығанақ ауылдарындағы амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесінің шешу жолдарын қарастырып, жоғарыда аталған мәселелерді сессия назарына ұсынып, тиісті мемлекеттік органдарға сауалдар жолдайтын болады.