Мойынқұм таңы

Облыстық мәслихат депутаты ауданда

0 64

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Әйелдер қанатының кеңесшісі Айман Әшімова ауданымызда іс­сапармен болып, аудан орталығындағы бірқатар нысандарды аралады. Депутат Айман Серікқызымен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева бірге жүріп, алдымен аудандық орталық ауруханада орналасқан «Аяла» сауықтыру орталығының жұмысымен танысты. Орталық меңгерушісі Ақнұр Санатқызы атқарған жұмыстары мен алда тұрған жоспарлары жайлы баяндап, орталықтың жұмысын жан-жақты таныстырды. Бұдан кейін жеке кәсіпкер Лаура Шынболатқызының ұлттық брендтегі киімдерге арналған сауда үйінің жұмысымен танысты. Өз кезегінде Айман Серікқызы ұлттық құндылықтарды насихаттауға қосқан үлесі үшін кәсіп иесіне ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.

Шара аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында жалғасты. А.Әшімова басқосуға қатысушы жастарға өзінің көпбалалы ана және кәсіпкер ретінде өмірден түйгендерін айтып, қоғамдағы әйел рөлін күшейтуге, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар аналарға Алғыс хат пен сый­лықтарын табыс етті.

Отырыста ардагер ұстаздар Шахаркүл Оспанова, Айнаш Боташева, Шолпан Орынханқызы, Лаура Шынболатқызы сөз сөйлеп, тәлім тәрбиелік бағыттағы жұмысты ұлт болып ұйысып қолға алуға шақырды.

Аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық көмек беру кабинетінің психологы Перизат Мұратқызы аталған кабинеттің ашылғанынан бастап қазіргі күнге дейінгі атқарылған жұмыстарына тоқталды.