Мойынқұм таңы

Өндірістік аймақ тұрғындарының сауалдары тыңдалды

0 65

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі әрбір жартыжылдықта өтуі тиіс.

Осы орайда аудан әкімі Әлихан Балқыбеков өндірістік аймақтағы Мыңарал, Шығанақ, Ақсүйек ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Алғашқы Мыңарал ауылдық клубында өткен кездесуде тұрғындар тарапынан жаңа мектеп құрылысының мерзімі, Шығанақ ауылында ауыз судың 24 сағат берілуі, футбол алаңшасының жасанды жасыл төсенішін ауыстыру, емдеу ісі бойынша кадр жетіспеушілігі жайлы, Ақсүйек ауылында «Сказка» балабақшасы ғимаратының жай-күйі туралы, ауылдағы интернет сапасы туралы, ауыз су жүйесінің жүргізілуі, ауылға мешіт соғу мәселесі жайлы сұрақтар қойылды. Сұрақтардың басым бөлігіне дер кезінде жауап берілді.

Ауданның өндірістік аймағындағы кездесулердің екінші күні Ақбақай ауылынан бас­тау алды. Бұл күні жоспардан тыс жағдайлардың орын алуына байланысты кездесу жиынына аудан әкімінің орынбасы Мейірхан Төлеулиев қатысты. Ақбақайлықтардың да аудан басшылығына қояр бірқатар сауалдары бар екен. Олар: Ақбақай-Мирный тас жолының жөнделуі, ауыз су мәселесі, жедел жәрдем көлігі, «Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалына жұмысқа орналасу жайлы сауалдар қойылды.

Қойылған сұрақтарға аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаев пен «Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалының өкілі нақты жауаптар берді.

Келесі кездесу Мирный ауылының тұрғындарымен өтті. Мұндағы сөз болған мә­селелер Қияқты мен Мирный арасындағы тас жол, ұялы байланыстың сапасы еді.
Түс ауа Хантау ауылында кездесу өтті. Мұнда ауыз су құбырының тартылу мерзімі, қараусыз жүрген малдар, балабақшаны кең ғимаратқа ауыстырып беру туралы мә­селелер жайлы сұрақтар қойылып, жауаптар берілді.

Дер кезінде жауап берілмеген сұрақтар хаттамаға енгізіп, мәселенің шешімі табылғанға дейін аудан басшысының назарында болатыны туралы тұрғындардың назарына жеткізілді.

Әр ауылдағы кездесуден кейін ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін өтеу мақсатында қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, тұрғындар аудан басшыларына қосымша сұрақтар қойды.