Мойынқұм таңы

Өнегелі әңгіме өрбіген жүздесу

0 28

Өткен аптаның бейсенбісінде «Бала қауіпсіздігі» тақырыбында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған аналар кеңесінің төрайымы Хадиша Оспанова бастаған қоғам белсенділерін аудан әкімі Карентаев Ермек Амангелдіұлы арнайы күтіп алып, бала тәрбиесінің бастауы – балабақша жұмысымен таныстырды.«Балбөбек» балабақшасының жұ­мысымен танысқан қоғам белсенділері биылдан бастап қолға алынған жоба – «Әжемнің ертегілері» жобасының балабақша бүлдіршіндеріне тәрбиелік маңызына куә болды.

Бұдан кейін Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясында болған қо­ғам белсенділері, мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, бала қауіпсіздігі тақырыптарында сөз өрбітті, жас түлектерге болашаққа ба­ғыт-бағдарын айқындауда сәттілік тілеп, биіктерді бағындыруға тілектестік білдірді. Тәрбиелік мәні бар кездесуге арнайы Тараз қаласынан атбасын бұрып, келген қоғам белсенділеріне мектеп-гимназия директоры Ж.Әшірімбетова және жас түлектер алғыстарын білдірді.

Аудандық мәдениет үйінің кіші залында жалғасын тапқан кездесуде ауданның барлық елді мекендерінің ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен аналар алқаларының төрайымдары бас қосты. Бұл кездесуде қоғам белсенділері және жиын қатысушылары бала қауіпсіздігі тақырыбында белсенді пікір алмасып, орын алған келеңсіз жайттар және оларды алдағы уақытта болдырмау шараларын талқылады.

Кездесу жиыны бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы бағыттары­мызды тағы бір мәрте айқындауға септігін тигізді.