Мойынқұм таңы

Партия ардагеріне құрмет көрсетілді

0 12

«AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, ұзақ жылдар бойы партия жұмысына белсенді араласып, өңірдің саяси-әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қосқан азамат – Жолдыбай Сейілханұлы Дәметовті зейнет жасына толуымен салтанатты түрде құттықтау рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, аудандық мәслихат депутаты Ғалия Шубаева және Ж.Дәметовтің әріптестері «Мойынқұм таңы» газеті редакциясының ұжымы қатысты.

Жолдыбай Сейілханұлының партия қатарындағы жемісті еңбегі мен азаматтық ұстанымы, елге сіңірген еңбегі жиын барысында ерекше атап өтілді. Сөз алғандар ардагерді мерейлі жасымен шын жүректен құттықтап, алғыстарын білдірді.

– Жолдыбай аға – ауданымызда ғана емес, облыс көлемінде де танымал, сөзге шешен, қаламы жүйрік журналист. Ол кісінің ел мүддесі жолындағы еңбегі мен партия жұмысына қосқан үлесі біз үшін үлгі, – деді филиал төрағасы Манарбек Көшкімбаев.

Жиын соңында ардагер азаматқа партия атынан естелік сыйлықтар табысталып, жылы лебіздер айтылды. Өз кезегінде Жолдыбай Сейілхан­ұлы көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, ел болашағы үшін еңбек етуді жалғастыра беретінін жеткізді.