Күні кеше ауданымызда өткен дәстүрлі Тамыз кеңесінің басты тақырыбы – «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» болды. Жиынның басты мақсаты – мектептерде білім мен тәрбие берудегі жаңа талаптарды талқылау, ұстаздардың жұмысын оңтайландыру, олардың кәсіби деңгейін арттыру.
Кеңеске аудан әкімі Ермек Карентаев, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков, аудандық мәслихат хатшысы Нұртас Саурықов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев және көптеген аудандық мектеп директорлары мен ұстаздар қауымы қатысты.
Аудан әкімі Ермек Карентаев құттықтау сөзінде ұстаздардың атқаратын қызметінің маңыздылығын, олардың жаңа ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие берудегі рөлін атап өтті. Ол еліміздің дамуы ұстаздардың арқасында жүзеге асатынын, әрбір ұстаздың қоғам алдындағы міндеті мен жауапкершілігі зор екенін айтты. Құттықтаудан кейін аудан басшысы бірқатар сала мамандарын марапаттады.
Атап айтқанда, аудан әкімінің алғыс хаты мен марапаттарын иеленгендер арасында, Амангелді атындағы шағын орталықты орта мектебінің кіші қызметкері Ляззат Жүнісбекова, Қаныш Сәтбаев атындағы шағын орталықты орта мектебінің кіші қызметкері Мария Шахабаева, Терешкова атындағы шағын орталықты негізгі мектебінің кіші қызметкері Ақданаша Үкітаева, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің слесарь механигі Ыбырай Жапашев, Мыңарал орта мектебінің қосалқы жұмысшылары Болысбек Көшкенбаев пен Айдын Ибраимов және Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің электригі Бейбітжан Атабеков марапатталды.
Облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталғандар қатарында Ораз Жандосов атындағы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-сарапшы Райхан Икрамова, бастауыш сынып мұғалімі, педагог-сарапшы Гүлнұр Тайкеева және Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының денешынықтыру пәні мұғалімі Аманкүл Мумеева бар.
Сонымен қатар, білім саласындағы елеулі еңбектері үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев «Мойынқұм ауданына – 60 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ауданның білім саласына қосқан қомақты үлесі үшін Гүлбарам Ахметова, Шолпан Рысалдиева, Марина Хрыпченко, Назира Жакасбаева, Сәуле Кожумова аудан әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Ал, Ақмарал Жуасбаева, Земфира Ниязбекова, Орынкүл Жапашева, Гүлбану Таттықожаева және Қарақат Исабекова аудан әкімінің алғыс хатына ие болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» деген сөзі бүгінгі кеңестің негізгі мазмұнына айналды. Мемлекет басшысының Республикалық Тамыз конференциясында айтқан ойлары да барлық мұғалімдер үшін маңызды болып табылады. Президент ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды, сонымен қатар ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған қадамдарды ұсынды. «Адал азамат» бағдарламасы бастау алғанын, бұл бағдарламаның мектептерде жүзеге асырылатынын ескере отырып, елдегі білім беру сапасы мен тәрбие деңгейі артатынына сенімдіміз.
Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков өз сөзінде педагогтардың құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударды. Ол ұстаздардың мәртебесін арттыру үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізілетінін айтып, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайларын жақсарту жөніндегі жоспарлар туралы хабарлады. Бұдан бөлек, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев өз баяндамасында білім саласындағы жаңа реформалар мен педагогикалық қызметкерлердің еңбегін жоғары бағалауға бағытталған жұмыстарды тілге тиек етті.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов та сөз сөйлеп, ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтап, сала қызметкерлерін марапаттады. Өз сөзінде ол ауданымыздағы білім саласындағы жетістіктерді атап өтіп, мұғалімдердің қоғамдағы рөлін зор деп бағалады. Ұстаздарға деген құрмет пен олардың жетістіктері тек білім саласындағы ғана емес, жалпы қоғамдағы маңызды өзгерістердің негізі екеніне тоқталды.
Ақсүйек ауылындағы №1 орта мектебінің директоры Нұркен Пернебаев жиында сөз сөйлеп, білім беру саласындағы жетістіктер мен қиындықтар туралы өз пікірін білдірді. Ол мектептерде білім беру сапасын арттыру үшін ұжымдық жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, ауылдық мектептердің мүмкіндіктерін кеңейту, заманауи технологиялар мен әдістерді енгізу қажеттігін айтты. Оның айтуынша, ұрпақ тәрбиесінде ұстаздар мен ата-аналардың бірлесіп жұмыс істеуі өте маңызды. Сондай-ақ, ол жаңа білім бағдарламаларын жүзеге асыруда әріптестеріне сәттілік тілеп, өз міндеттерін адал орындауға шақырды.
Мемлекет басшысы да жиынға қатысушыларға білім саласындағы реформаларды жүзеге асыру, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім деңгейін теңестіру, мектептерде тәрбие жұмыстарын жақсарту туралы нақты тапсырмалар берген болатын. Ол сондай-ақ әлеуметтік кеселдермен күресуде мұғалімдердің рөлін атап өтті. Қоғамдағы зиянды әдеттермен күрес, балаларды әлеуметтік қауіп-қатерлерден қорғау мәселелері ұстаздар қауымына үлкен міндет жүктейді. Олардың балаларға бағыт-бағдар беріп, дұрыс тәрбие беруі маңызды.
Жиын соңында өнерпаздар қазақтың әдемі әндерін шырқап, жиынға қатысушылардың көңілін көтерді. Білім мен тәрбие саласындағы ауқымды мәселелер талқыланған кеңес соңында, Жайдар Саттарқұлұлы өз сөзінде ұстаздар қызметінің қоғамдық маңыздылығын тағы да атап өтіп, өз әріптестеріне алғыс білдіріп, марапаттар тапсырды.
Барлық осы айтылған ұсыныстар мен пікірлер – ұстаздардың қоғамдағы орны мен мәртебесін арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Ұстаз — ұлттың болашағы, ол келешек ұрпақтың саналы азамат болып өсуіне үлкен ықпал етеді. Білім мен тәрбие ісінде жаңаша көзқарас, тың тәсілдер қолдану, ұстаздардың кәсіби деңгейін арттыру – бүгінгі қоғамның басты міндеті. Ұстаздар өз міндетін адал әрі жауапкершілікпен атқара отырып, еліміздің келешегін жарқын етіп қалыптастырады.