«Ауылыңда төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген дана халқымызда қанатты сөз бар. Сондықтан да қазыналы қарияларымызға деген құрмет толастамақ емес.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудан орталығындағы «Айсымбат» кафесінде «Қазыналы қарттар – елдің еңсесі» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Аудан әкімі Ермек Карентаев ақ жаулықты әжелер мен қарияларды айтулы мерекемен құттықтап, ауданға қосқан үлестері жайында айтып, бірнеше еңбек адамдары мен ауданның Құрметті азаматтарына «Мойынқұм ауданына – 60 жыл» мерекелік медалін салтанатты түрде табыс етті. Кештің жалғасында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, ел дамуына қосқан үлестері үшін қарияларға төсбелгі тақты.
Кездесуде қазыналы қарттардың құрметіне ақ дастархан жайылып, сый-сияпат жасалды.
Мерекелік жиын барысында сөз алған аудандық ардагерлер, қоғамдық кеңестерінің төрағалары Жұманазар Көдеков, Сағынғали Аманов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұханбетқұл Сабыров, ауданның Құрметті азаматы Мұратхан Естаев, сондай-ақ өмірден көргені көп ата-апалар өз тәжірибелерімен бөлісіп, аудан басшысына ақжарма тілектерін айтып, ақ батасын берді.
Жиын соңында аудан өнерпаздары, домбыра, баян аспаптарын серік етіп, әсем әндерін орындап, жиналғандардың көңілін серпілтті.