Мойынқұм таңы

Қиын шақта қолдау – қазақтың қанында бар қасиет

0 41

Республикамыздың басым бөлігі су тасқынының қаупін сезініп, үрейлі күн кешіп отырғаны қазіргі таңдағы ең маңызды мәселе болып отыр. Осы жаман хабар елді жайлағалы ауданымыздың белсенді азаматтары судан зардап шеккен ауылдардың азаматтарына қалай қол ұшын соза аламыз деп, Қарағанды облысының Шет ауданындағы зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсетейік деген бастама көтерді.

Ақылдаса келе ауылдың белсенді азаматтары мен аудандық мәслихаттың 8-шақырылым депутаттары Қанат Көшербаев пен Бекболат Өткелбаевтардың ұсынысымен ұйымдастырылып жатқан іс-шараның басты ұйымдастырушысы, үйлестірушісі, сенім артылған тұлғасы ауданның белсенді азаматы Бәкен Бейсебаев болды.

Бәкен Тұрарқұлұлы аудан халқына, тіпті ауданымыздың сыртта жүрген түлектеріне үндеу тастап, қаржылай көмекті жинауды бастап кетті. «WhatsАpp» әлеуметтік желісі арқылы жиналған қаржының тиын-тиынына дейін жалпы халықтың назарына ұсынып отырды. Айналасы үш күннің ішінде қорға 3,5 миллион теңгедей қаржы жиналды. Жиналған қаржыны керек жеріне жеткізу үшін Бәкен Тұрарқұлұлы табиғи апат орын алған Шет ауданының басшылығына байланысқа шығып, сол ауданның әкімі Мұхит Мұхтаровпен тілдеседі. Осы кісінің ұсынысымен жиналған қаражатты қолма-қол, ақшалай түрде табыстауға шешім қабылданды. Жол бойы аудан азаматтарынан түскен қаржы өсімі тоқтамай Қарағандыға жеткенше жалпы сома 4 миллион теңгені құрады, — дейді Бәкен Тұрарқұлұлы.

Ақыры жауапкершілікті мойнына алған соң, Қарағанды облысына барып зардап шеккен азаматтарды қолдау қаражатын тапсырып келуді де Бәкен аға өзінің жауапкершілігіне алады. Қасына ерікті жолсерік болмаған соң ауданымыздың белсенді азаматы Саттар Биділдаевқа қолқа салып, екеуі бірге барып Шет ауданының Ақсу, Қайрақты ауылдарының азаматтарымен тікелей жолығып, «Мойынқұмнан қолдау» деп жазылған конверттерге салынған қаржылай қолдаулар сол ауылдардағы отбасыларға үлестіріліп берілді. Ауылдардың азаматтары Мойынқұм халқының орын алған апатқа бейжай қарамай, көмек қолын созып жатқанына ризашылықтарын білдіріп, ақ тілегі мен жақсы лебіздер мен мойын­құмдықтарға сәлем жолдады.

Ауданымыздың белсенді азаматтары апаттан зардап шеккен азаматтарды қолдау жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Қазіргі таңда су тасқынынан ең қатты зардап шеккен еліміздің батыс аймағындағы Құлсары қаласына аудан азаматтарынан қаржылай, заттай қор жинап, қажет ететін орынға жеткізу әрекеттері жасалып жатыр. Бүгінгі күнде біраз заттай қор жиналып, қаржылай 2 миллион теңгеден қаражат жиналып отыр. Бұл жиналғандар да ауданымыздың белсенді азаматтарының ұйымдастыруымен қажетті орынға жеткізілетін болады.