Мойынқұм таңы

Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті

0 21

Өткен аптаның жұмасында аудандық мәслихат мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Отырысты Қоғамдық кеңес төрағасы Сағынғали Аманов басқарды.

Күн тәртібінде екі маңызды мәселе қаралды. Бірінші мәселе – аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 22 желтоқсандағы «2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» № 47-5 шешіміне өзгеріс енгізу. Хабарламашы ретінде аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Еркін Әбілұлы Кеншімов сөз сөйледі. Кеңес мүшелері қаралған мәселе бойынша белсенді пікір білдіріп, Қарабөгет ауылындағы көпір құрылысына, Мойынқұм ауылының электр энергиясына және Шығанақ ауылындағы Беккери шұңқырына бөлінген қаражаттарға қатысты сұрақтарын қойды. Барлық сұрақтарға хабарламашы толық және нақты жауап берді.

Екінші мәселе – Қоғамдық кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту. Кеңес мүшелері жылдық жоспарды талқылап, өз ұсыныстарын жеткізді. Барлық ескертулер мен ұсыныстар қарастырылып, кеңес мүшелерінің көпшілік дауысы арқылы жұмыс жоспары бекітілді.

Қаралған мәселелер бойынша қабыл­данған шешімдер мыналар:
Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Еркін Әбілұлы Кен­шімовтің ұсынған 2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы өзгерістер Қоғамдық кеңес мүшелерімен келісіліп, оң қорытынды берілсін.
Қоғамдық кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары кеңес мүшелерімен келісіліп, бекітілсін.

Отырысты қорытындылаған Қоғамдық кеңес төрағасы Сағынғали Аманов барлық қабылданған шешім-ұсыныстармен кеңес мүшелерін таныстырып, алдағы жоспарларды іске асырудағы бірлескен жұмысқа баса назар аударды.

Бұл отырыс аудандық қоғам өміріндегі маңызды мәселелердің ашық түрде қаралып, бюджет және қоғамдық жоспарлар бойынша шешімдердің заңды және қоғамдық келі­сіммен қабылданғанын көрсететін маңызды оқиға болды.