Мойынқұм таңы

Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы сайланды

0 33

Осы аптаның сәрсенбісінде аудандық мәслихаттың мәжіліс залында жаңадан сайланған аудандық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Он үш мүше таңдалып алынған су жаңа құрамның тұңғыш отырысының бірінші мәселесі қоғамдық кеңеске төраға таңдап алу болды. Қоғамдық кеңес мүшесі, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлының ұсынуымен төрағалыққа Сағынғали Аманов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдековтың ұсынуымен қоғамдық кеңес төрағалығын өткен кезеңде атқарған Шахикерім Исабеков кандидат болып бекітілді.

Кандидаттар бекітілгеннен кейін сөз алған Шахикерім Әміреқұлұлы жаңа құрамның қалыптасуымен құттықтап, өз кандидаттығынан бас тартатынын жеткізді.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің басым бөлігінің қолдауымен Аманов Сағынғали Жұмабайұлы кеңестің жаңа кезеңінде төраға болып сайланып, президиумға отырды.

Содан кейін, отырыстың күн тәртібіндегі аудандық қоғамдық кеңестің тұрақты комиссияларының саны және атауы, аудандық қоғамдық кеңес комиссияларының құрамы мен төрағаларын сайлау, аудандық қоғамдық кеңестің ережесін бекіту, аудандық қоғамдық кеңестің төралқасын сайлау мәселелері қаралып, талқыға салынды.

Аудандық қоғамдық кеңестің екі тұрақты комиссиясы: экономикалық-әлеуметтік, өнеркәсіп-ауылшаруашылық атау­ларымен құрылсын деген ұсыныс түсіп, оны кеңес мүшелері бірауыздан қолдады.

Қоғамдық кеңестің экономикалық-әлеуметтік комиссиясының мүшелігіне Айнаш Боташева, Жұманазар Көдеков, Темірхан Жұмағұлов, Бағлан Жүнісбеков, Анастасия Сапаниди, Мәди Күнту ұсынылып, Бағлан Жүнісбеков төрағалық етсе деген ұсыныс қолдау тапты.

Келесі өнеркәсіп-ауылшаруашылық комиссиясының құрамына Шахикерім Исабеков, Жұмабай Исабаев, Ернұр Нәдірғожин, Нұркелді Қазақбайұлы, Алуа Үмбетқұлова, Құрманғазы Дауталиев ұсынылып, Ернұр Нәдірғожинның төрағылық етуі бірауыздан мақұлданды.
Ал аудандық қоғамдық кеңес төралқасына Сағынғали Аманов, Бағлан Жүнісбеков, Ернұр Нәдірғожин, Нұртас Саурықов және Жұманазар Көдеков ұсынылып, ұсыныс қолдау тапты.

Қоғамдық кеңестің жаңа сайланған төрағасы Сағынғали Аманов отырысты қорыта келе көпшілік алдында алдағы кезеңде кеңестің жұмысын жақсы атқаруға уәде беріп, бірлесіп жұмыс жүргізуге шақырды.