Мойынқұм таңы

Құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

0 20

Осы аптада аудан әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөнін­дегі ведомствоаралық комиссия­сының ке­зекті отырысы өтті.

Аудан әкімдігі ғимаратында өткен жиынды аудан әкімі Ермек Карентаев жүр­гізіп, күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Комиссия отырысына аудандық мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері және сала мамандары қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен қоғаммен кері байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Келесі мәселе ретінде Мойынқұм ау­дандық полиция бөлімінің бастығы Алмас Көпбаев жабайы өсетін қарасора ошақтарын жою және жастар арасында нашақорлықтың алдын алу шараларын баяндады. Ол аталған бағыттағы іс-шаралардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, сотталғандарды қайта әлеу­меттендіру мен бостандыққа шыққан аза­маттарды қоғамға бейімдеу мәселесі де көтерілді. Бұл тақырып бойынша аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Ахан Тналиев хабарлама жасады. Ол жұмысқа орналастыру, қайта даярлау, медициналық бақылау сынды бағыттар бойынша жүр­гізіліп жатқан нақты шараларды атап өтті.

Одан бөлек, полиция бөлімін ма­териалдық-техникалық қамтамасыз ету жайы да қаралды. Бұл мәселеге қатысты Алмас Көпбаев қажеттіліктер мен өзекті түйткілдерге тоқталды.

Жиын соңында Шу станциясындағы желілік полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ерлан Сеңгірбаев теміржол бойында мал жаю деректеріне байланысты қалыптасқан жағдайды баяндап, бұл бағыттағы қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін жеткізді.

Комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, пікір алмасу болды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі құқық бұзушылықтың алдын алу бағы­тындағы жұмыстарды жүйелі түрде жал­ғастыру керектігін атап өтті.