Биыл ауданымыздың рухани шежіресіне айналған «Мойынқұм таңы» газетінің жарық көре бастағанына 60 жыл толып отыр. Бұл – тек бір басылымның ғана емес, күллі Мойынқұм жұртшылығының ортақ мерекесі, тарихи белесі.
«Мойынқұм таңы» – уақыт үнін жеткізген, елдің жүрек лүпілін дөп басып отырған басылым. Алғашқыда «Коммунизм таңы» деген атпен шығып, кейін «Мойынқұм таңы» болып өзгерген бұл басылым алпыс жыл бойы ауданның саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуының айнасы болды.
Басылымның әр кезеңінде еңбек еткен қаламгерлер мен редакторлар, фототілшілер мен баспахана қызметкерлері ел үшін аянбай тер төкті. Олардың есімдері ел есінде, еңбектері – ұрпаққа өнеге.
Газеттің бүгінгі тынысы да қуантады. Соңғы жылдары жаңа серпінмен, заманауи бағытта жұмыс істеп келе жатқан шығармашылық ұжымға алғыс айтамыз. Ақпараттық кеңістікте өз орнын ойып алған «Мойынқұм таңы» – шын мәнінде аудан жұртшылығының сенімді серігі.
Қаламы қарымды тілшілерге, елдің сөзін сөйлеп, мұңын мұңдай білетін ардақты әріптестерге зор шығармашылық табыс, отбасыларына амандық, жаңа жетістіктер тілеймін!
«Мойынқұм таңының» 60 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Ел шежіресін тасқа басқан басылымның жұлдызы әрдайым жарқырай берсін!
Ермек КАРЕНТАЕВ,
Мойынқұм ауданының әкімі.