Құрылыс – тек кірпіш қалаудан тұрмайтын, елдің еңсесін көтеретін, жаңа өмірдің іргетасын қалайтын ұлы еңбек. Әрбір жаңа мектеп, жол, мәдениет ошағы мен тұрғын үй – құрылысшылардың маңдай терінің, алтын қолының жемісі. Ауданда да осы саланың дамуы елді мекендердің көркеюіне, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына тікелей ықпал етіп келеді.
Биылғы кәсіби мерекеде аудан әкімінің міндетін атқарушы Әлібек Нұрадинов көп жылғы адал еңбегімен көзге түскен құрылыс ардагерлерін және саладағы белсенді еңбеккерлерді қабылдап, марапаттады. Ол құттықтау сөзінде:
«Құрылысшылар – өркениеттің қалыптасуына тікелей үлес қосатын, елдің болашағын алға жетелейтін алтын қолды жандар. Сіздердің еңбектеріңіз – ұрпаққа үлгі, тарихқа таңба болып қалады. Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді.
«Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалімен Меркібекова Пернекүл Шәмшіқызы, Сатиков Марек, Бекболатов Серік Сейсебайұлы, Жақсымбетов Замир Алпысбайұлы марапатталды. Ал аудан әкімінің Құрмет грамотасы Алмас Асанбеков, Оразалы Бухарбаев, Кравченко Валерий Дмитриевич және жеке кәсіпкер Омарова Айгүл Әбетайқызына табысталды.
Басқосуда марапат иегерлері де сөз алып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Еңбек ардагері Пернекүл Шәмшіқызы «Бұл марапат – мен үшін үлкен қуаныш әрі құрмет. Біз кезінде ауданның өркендеуіне өз үлесімізді қостық. Енді сол еңбектің елеп-ескерілгені жанға жылу береді», – десе, Серік Сейсебайұлы: «Жастарға айтарым – ең бастысы, еңбектен қорықпау. Әр кірпішің, әр жасаған ісің – болашақтың бір бөлшегі», – деп жастарды адал еңбекке шақырды.
Марапатталғандардың барлығы да ауданның әрбір жаңа нысаны, әрбір көркейген көшесі – өз еңбектерінің жалғасы екенін атап өтті. Мойынқұмдық құрылысшылардың қажырлы еңбегі мен берік бірлігі ауданның ертеңін нұрлы етуге қызмет етіп келеді.