Мойынқұм таңы

Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті

0 23

Кеше «Азаматтық қорғаудың мем­лекеттік жүйесінің басқару орган­дары мен күштерін қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау» тақырыбында «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.

Оқу-жаттығу 2024 жылғы 21-22 қараша аралығында азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің және халықтың қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайларды жоюға дайындығы мен қабілеттілігін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының қысқы кезеңдегі төтенше жағдайға ден қоюға дайындығын тексеру мақсатында өткізілуде.

Ауданымызда да Абылайхан атын­дағы орталық алаңында аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірхановтың қа­тысуымен «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығу кезінде азаматтық қор­ғаудың аумақтық құрылымдары және аудандық жедел әрекет ету жасақтары тартылды. Жалпы оқу-жаттығуға 37 адамнан және 12 техникадан тұратын 7 шұғыл әрекет ету топтары сапқа тұрғызылды. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі 6 жеке құрам, 2 техника, өрт сөндіру қызметі 5 жеке құрам, 2 арнайы техника, жедел жәрдем қызметі, 5 жеке құрам, 1 техника, инженерлік қызметі 5 жеке құрам, 3 техника, электр жүйесі қызметі 8 жеке құрам, 1 техника, азық-түлік, жанар-жағар­маймен қамтамасыз ету қызметі 2 жеке құрам, 1 техника, байланыс қызметі, 6 жеке құрам, 2 арнайы техника дайындыққа келтіріліп, олардың өзара қатынас жасау және байланысу жоспары жасалды.

Содан кейін аудандық орталық ауру­хананың жылу қазандығындағы шартты түрде өрт құрсауында қалған екі азамат өрт сөндірушілердің жедел әрекет етуімен құтқарылып, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жөнелтілді.

Келесі кезекте «Мойынқұм су-жылу» мекемесінің техникалары ауылдың ба­тысынан ағып өтетін Шу өзенінің бір сағасының жағасын нығайту жұмыстарын жүргізді.

Осы нысандарда өткізілген шара­ларға қатысқан Ержан Әлімханұлы оқу-жаттығу жұмыстарына қатысушыларға ТЖ жою әрекеттеріне қатысушы әрбір техника мен құрылғылар қашан да әрекетке дайын тұруы міндетті екенін айтып өтіп, бұл іске асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Оқу-жаттығуға жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар, ҚР ТЖМ аумақтық бөлімшелері тартылды.

Оқу-жаттығу аясында республика бойынша ТЖ жою жөніндегі іс-қимыл­дарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құрылымдарымен практикалық іс-қи­мылдар өткізілді.

Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша облыстық азаматтық қорғаудың мемле­кеттік жүйесінің қысқы кезеңдегі ықтимал ТЖ салдарын жоюға дайындығы бағаланатын болады.

«Қыс-2024» РКШОЖ барысында электрдабылдары мен дабылды-сөйлеу құрылғылары іске қосылды, сондай-ақ теледидар және радиоарналардың эфи­рінен жарияланды. Бұл іс-шара халықтың «Баршаның назарына!» бі­рыңғай құлақтандыру сигналына ден қою тәртібін дағдыландыру мақсатында өткізілді.