Қоғамда ел тағдыры шешілетін маңызды науқанға ат үсті қарап, сайлауда дауыс беруге ынтасы жоқ жандар да кездеседі. «Отан отбасынан басталады» деуші едік. Тұрғындар неге отбасылық тұрғыдан ғана ойланып, елдік маңызы бар шаруаларға бас ауыртпайды? Тұрмыс тауқыметі ме, әлде идеологиялық жұмыстың ақсап тұрғаны ма?
Жалпы, сайлау десе жұртшылықтың елең ете қалатыны рас. Дауыс беруге бармағандардың өзі «кім жеңіске жетті екен?» деп сайлаудың қорытындысын білуге асығады. «Менің дауысым не шешеді?» дегендердің үйдің сыртында саясат жайлы сайрай жөнелетінін талай көрдік. Сайып келгенде, елдің тағдыры шешілетін маңызды науқан туралы әр тұрғынның өзіндік пікірі бар. Ендігі жерде сайлаушылардың белсенділігін арттырып, баянды болашаққа деген сенімді қалыптастыру маңызды.
Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көтеріп, сайлау жүйесін жаңғыртуды тапсырған болатын. Себебі көпшілік депутаттарға сену былай тұрсын, көпшілігін танымайды да. Мәжіліс депутаттары өз алдына, жергілікті атқарушы билік тұрғындармен дұрыс байланыс орнатпаған. Соның салдарынан халық сайлауға селқос қарайды. Әр дауыстың маңызды екеніне сенбейді. Осындай олқылықтан кейін Президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынған болатын. «Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді»,- деген еді Мемлекет басшысы.
Таңдау тұрғындардың өзіне берілсе, кез келген тұрғын өз ауылының бо-лашағына бейжай қарамайтынын аңғардық. Көпшіліктің күткені де сол. Бұған дейін ауыл әкімін халықтың өкілі болып саналатын жергілікті мәслихат депутаттары сайласа, бұдан былай жұртшылық елге басшылық етуге лайық азаматты өзі таңдайды. Мұндай жүйе дауыс берушілерге де, әкім креслосынан үміткерлерге де таңсық дүние болғаны рас. Жаңа үлгідегі ауқымды реформа өтеді дегеннен бері атқарушы органдар мен кандидаттардың алаңдағаны өз алдына, тұрғындар да кәдімгідей қобалжыған. Сарапшылардың айтуынша, кез келген жаңа бастамада қателік, жобаға жатсыну болады. Бірақ бұл реформа дұрыс әрі дер кезінде іске асты. Ұтымды шешім! «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осылай жүзеге асуға тиіс. Билік пен қоғам арасында нәтижелі диалогтің басталғаны қуантады.
Кез келген сайлау өтетіні алдын ала белгілі болады. Маңызды науқанға дайындық жұмыстары ерте қолға алынады. Дауыс беру күні ұйымдастырушылар ақ тер, көк тер болып жанталасып жүргені. Мемлекеттің болашағына бейжай қарамайтын тұрғындар да таңнан таңдауын жасап, белсенділік танытады. Ұйымдастыру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Дауыс беруге ниет болса жеткілікті. Денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтарға олардың өтініші негізінде комиссия мүшелері үйлеріне барады. Тіпті уақытша ұстау изоляторларында дауыс беру орны қарастырылған. Сонда теміртордың ар жағындағы азаматтың өзі таңдау жасап жатқанда, тепсе темір үзетін азаматтың дауыс беруден қалыс қалуы қаншалықты ақылға сыйымды?
Қоғамдағы кемшілік пен олқылық көптің көмегімен, таңдауымен түзеледі емес пе. Қазақ елінің жағдайын сырттан келіп біреулер жөндеп бермейтіні бесенеден белгілі. Елдік мәселе де көптің ұсынысымен, кез келген деңгейдегі сайлауға барып, өз таңдауын жасаумен шешілетіні анық. Демократиялық сайлау мен елдік мәселені ойлау бір-бірімен тығыз байланысты. Ендеше, сайлауда дауыс беру – әр азаматтың міндеті. Ал азаматтары немқұрайдылық танытқан қоғамның тасы өрге домаламайтыны айдан анық. Өсетін елдің азаматтары сайлауда өзтаңдауын жасайтыны сөзсіз.
2025 жылдың бірінші тоқсанында бірқатар жұмыстар жүргізілді.
Бірлік ауылдық округі әкімінің өкілеттілігі аяқталғандықтан, Мойынқұм аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 22 қаңтардағы №1 қаулысына сәйкес 2025 жылғы 2 наурызға Мойынқұм ауданының Бірлік ауылдық округі әкімінің сайлауы тағайындалды.
Сайлауға 1 аудандық және 2 учаскелік сайлау комиссиялары жалпы 19 комиссия мүшелері тартылды. Сайлаушылар тізіміне 1811 азамат енгізілді. Дауыс беруге –1215 сайлаушы қатысты.
Сайлау қорытындыларымен: Бірлік ауылдық округінің әкімі болып Оспанов Қуаныш Малибекұлы сайланды. 1981 жылы туған, Бірлік ауылдық округінің әкімі, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Бірлік ауылының тұрғыны.
2025 жылы 26 ақпанда аудандық мәдениет үйінде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің сайлауын ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбында аумақтық және 58 учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған оқыту-семинар өтті.
Оқыту-семинарында аудандық сайлау комиссиясының мүшелері бағдарламада көрсетілген тақырыптар бойынша дәріс оқып, оқылған тақырыпқа қатысты кейстік сұрақтармен практикалық жұмыс жасады.
Биылғы ІІ тоқсандағы жоспар бойынша мамыр айында Кеңес, Қызылтал, Қызылотау және Ұланбел ауылдық округ әкімдерінің өкілеттігі уақыттарының аяқталуына байланысты сайлау өткізу жоспарлануда.
Әкімдердің немесе мәслихат депутаттарының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда сайлау «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының белгіленген мерзімдеріне сәйкес тағайындалатын болады.
Жыл ішінде округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын нақтылау және уақтылы өзгерістер енгізуді жұмыстары.
2025 жылға арналған іс-шаралардың маңызды бөлігі комиссия мүшелерінің сайлау жүйесіндегі білімі мен кәсіби біліктілігін аттыруға арналған кезеңдік оқытулар, семинар-тренингтер, іскерлік ойындар ұйымдастырылатын болады.
Сержан СӘДУАҚАСОВ,
аудандық аумақтық сайлау
комиссиясының төрағасы.