Мойынқұм таңы

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ауданда

0 5

2025 жылдың 21 мамыры мен 12 желтоқсаны аралығында еліміздің шалғай аймақтарын аралап, тұрғындарға тегін көмек көрсетуді мақсат еткен «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасы ауданымызға келіп жетті. Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асырылуда.

Әлеуметтік бастаманың негізгі мақ­саты – теміржол бойындағы алыс стан­цияларда тұратын азаматтарға қол­жетімді, тегін медициналық тексеру жүр­гізу, психологиялық, құқықтық және медиа­тивтік (татуласу) кеңестер беру.

Күні кеше Хантау станциясына жос­парға сәйкес аялдаған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызын аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев пен жергілікті тұрғындар бірге салтанатты түрде қарсы алды. Іс-шара барысында Хантау ауылдық округінің әкімі Әнуар Сейтқазиев медициналық поезд ұжымына арнайы тілек білдіріп, аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы концерттік бағдарлама ұсынып, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Медициналық пойыздың ішінде қажетті құралдармен жабдықталған бірнеше мамандандырылған кабинеттер жұмыс істейді. Тұрғындар терапевт, гинеколог, стоматолог, лор дәрігерлерінің қабылдауына жазылып, тексеруден өте алады. Сонымен қатар пойызда ЭКГ, УЗИ аппараты және сынама алу кабинеті жұмыс істеп, зертханалық талдаулар жедел түрде жүргізілуде. Сондай-ақ психолог, медиатор және заңгер мамандары да кеңес беріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді.

Жоспарға сәйкес медициналық пойыз Хантау станциясында 24–25 қараша күндері қызмет көрсетеді. Одан кейін 26–27 қарашада Шығанақ станциясында, 28–29 қарашада Мыңарал станциясында жергілікті халықты қабылдайтын болады.

Аудан тұрғындары ел денсаулығын жақсартуға бағытталған мұндай әлеуметтік жобаның маңызын ерекше атап өтіп, медицина қызметкерлеріне алғыс біл­діруде.