Мойынқұм таңы

Сарыөзек ауылында медициналық тірек ашылды

0 24

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Сарыөзек ауылында медициналық тірек халық игілігіне берілді. Медициналық тіректе профилактикалық, акушерлік және мануалдық терапия жасауға арналған кабинеттер бар және қажетті заманауи құрылғылармен қамтылған.Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Ермек Карентаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

— Егемен еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні құтты болсын! Бүгін біз Сарыөзек ауылында бір мезетте 5 келушіге арналған жаңа медициналық тіректің ашылуына куә болып отырмыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қолға алынған «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы біздің ауданда да табысты жүзеге асырылуда.

Ауданымызда денсаулық сақтау жүйесі үнемі нығайтылып, заманауи құралдармен, жаңа медициналық технологиялармен жабдықталып келеді. Ғимараттың құрылысы осы жылдың көктемінде басталған еді. Мердігер ұйым «Тараз Құрылыс Дизаин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сапалы жұмысы үшін алғыс айтамын. Баршаңызды жаңа медициналық тіректің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Жаңа нысан ел игілігіне қызмет ете берсін, — деп ақ тілегін жеткізді.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов жаңа мекеменің ашылуы тұрғындардың дер кезінде емшара алуына айтарлықтай септігін тигізетінін атап өтті. Сарыөзек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысқұл Адашев осы ғимараттың құрылысына атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, бата берді. Ары қарай ресми лента қию және символикалық кілтін табыстау рәсімі өтті.

Айта кетейік, Мойынқұм ауданында 23 денсаулық сақтау нысандары бар. Тәуелсіздік жылдарында салынған осы нысандар халық игілігі үшін қызмет етіп келеді.