Ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулысы Айдарлы ауылында өткен кездесуде тұрғындармен еркін ой бөлісті.
–Өздеріңіз білетіндей, алда Референдум тұр. Бұл – сізбен біздің таңдауымыз. Жаңа Конституция жобасы қабылданып жатқан уақытта еліміздің сайлауға құқы бар әр тұрғыны белсенділік танытады деп ойлаймын. Бұл қабылданғалы отырған құжат Тәуелсіз еліміздің кедергісіз дамуына негізделген. Жобаның ІІІ бөлімінде көрсетілгендей, елімізде Вице-Президент институты пайда болады. Бұл құрылым тиімді басқаруға әкелетін жол. Ал, жаңа жобаның ІV бөлімі елімізде құрылатын Құрылтайға қатысты мәселелерге арналған. Мұнда да еліміздің дамуы мен экономикасына барынша тиімді жағдайлар қарастырылған. Басқа бөлімдерде де мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын шешімдер кеңінен қамтылған.
Сондықтан, сайлауға белсенді қатысады деп сенемін, деді Сенат депутаты. Жиында ауыл тұрғындары өз сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.
Мұнан соң Сенатор Мойынқұм ауылының зиялы қауым өкілдері және тұрғындарымен кездесті. «Қазір бүкіл дүние дүрлігіп тұрған кез. Осы сәтте өз Конституциямызға өзгерістер енгізіп бағытымызды айқындап алу аса маңызды. Әсіресе, Президенттің өкілеттігіне, Вице-Президент құрылымына, Құрылтайға, Халық кеңесіне қатысты шешімдерді дер кезінде қабылдап алу өзекті болып отыр. Бұл орайда қарапайым тұрғындар мүддесі де қорғалып отыр. Елдің алдында жаңа Конституция жобасы ұсынылып, талқылауға түсіп жатыр. Мұны – ашықтық деп айтуға болады. Өздеріңіз де жобамен толық танысты деп ойлаймын. Сондықтан, 15- Наурыз күні өтетін Референдумда белсенділік танытуға шақырамын. Елімізбен бірге әр тұрғын, әр азаматтың өзін дамытып, көркейе беруіне тілектеспін. Мұның бәрі жарқын болашаққа жасалған нақты қадам, деді Бекболат Серікбекұлы.
Кездесу барысында тұрғындар Сенат депуататына сұрақтар қойды. Халық қалаулысы сұрақтарға жауап беріп, елдің ынтымағы мен бірлігі бар жерде тек ілгерілеу, өрлеу болатынына ел назарын аударды.