Мойынқұм таңы

Шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін жәрмеңке өтті

0 28

Сенбі күні Мойынқұм ауданының ең шалғай орналасқан Шығанақ ауылында ауылшаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтті.

Шығанақ ауылының С.Сейфуллин көшесінде өткізілген жәрмеңкеде тұтынушылардың сұранысына ие тауар­лар 30 % жеңілдетілген бағамен сатылды. Дәлірек айтқанда, сиыр еті нарықтық бағасы 2500, қой еті нарықтық бағасы 2400 болса, бұл күні 1900 теңгеден сатылды. Оның ішінде 400 кг сиыр еті, 200 кг қой еті бірден өтіп кетті. Сондай-ақ басқа да қауын-қарбыз, сәбіз, қызанақ, картоп тәрізді ауылшаруашылық тауарлары орналастырылды. Халықты негізгі әлеуметтік маңызды тауарлармен қамту және бағаны тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңке жұрт­шы­лыққа жақсы көңіл-күй сыйлады.

Аталмыш жәрмеңке Мыңарал ауылында да өтті. Онда 2 бас сиыр еті, қарбыз, әңгелек, қауын, орамжапырақ, қызанақ, қияр, сарымсақ, пияз, картоп, сәбіз, бидай секілді ауылшаруашылық тауарлары төмен бағада сатылды.

Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатары жыл сайын артып келеді. Ол өндірген тауарларды өткізу үшін жәрмеңке ұйым­дастыру дәстүрге айналған. Соның нәтижесінде жергілікті тұрғындар өз­деріне қажетті азық-түлікті арзан бағамен алуға қол жеткізуде. Мұндай оң бастама алдағы уақытта да жалғаспақшы.

Іс-шараға ауданымыздағы ауылдық округтердің әкімдері де өз өнімдерін алып келді.