Мойынқұм таңы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – басты мақсат

0 22

Осы аптаның сәрсенбісінде аудандық пошта тарату мекемесінің алдында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» атты мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жоба аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ мүшелері аудан тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға аудан әкімінің орын­басары Мейірхан Берікұлы Төлеулиев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Айбек Итқараұлы Әжібаев адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Берікбол Ұзақұлы Байғожаев, «Әділдік жолы» ҚРҚБ ЖОФ жетекшісі, Жамбыл адалдық алаңы ЖО басшысы, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Назима Дәрменқызы Жұбандықова, «Тараз» әлеуметтік-кә­сіп­­керлік корпорациясы АҚ-ның қыз­мет­кері, жеке сот орындаушы, ад­­вокат, нотариус, заң консультанты, ау­­дан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар, экономика және бюджеттік жоспарлау, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары, «AMANAT» партиясы Мойынқұм аудандық филиалының төра­ғасы, аудандық мәслихаттың депутаты Манарбек Өсербекұлы Көшкімбаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Шахикерім Әміреқұлұлы Исабеков, аудандық «Мансап» орталығының дирек­торы Бақыткүл Алдасүгірқызы Қалымбетова, аудандық білім бөлімі бас­шысының міндетін атқарушы Бақыткүл Тұрсынханқызы Әжіғұлова қатысты.

Қабылдау барысында көптен бері өздерін толғандырып, оған жауап іздеп жүрген ауыл тұрғындары өздерін мазалаған сауалдарын қойып, нақты кеңес алды. Кейбіреуінің күрмеуі шешілмей жүрген түйткілді мәсе­лелері сол жерде шешіліп, тиісті орын басшыларына тапсырмалар берілді.

Қабылдау азаматтарға қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытында өтті. «Адалдық алаңы» жобасы ел Президентінің 2018 жылдың 5 қазанындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында құрылған. Жоба құрылған күннен бастап, жемқорлықтың жолын кесуде бірқатар шаруаларды жүзеге асырды. Аспан ас­тын­дағы қабылдау шарасы аудан әкімдігінің мәжіліс залында жалғасқан жиынға ұласты. Жиынға аудан, ауыл әкімдіктерінің, аудан әкімдігі бөлімдерінің мамандары, ауыл, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, БАҚ өкілі қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев ашып, об­лыстан келеген мобильдік топ мүшесі Айбек Әжібаевқа сөз берді.

А.Әжібаев өз сөзін сыбайлас жемқор­лыққа байланысты заңдар мен нормативтік құжаттардың басты деген бағыттарын 30 топқа біріктірген слайд арқылы жатық тілмен баяндап берді. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық кез келген елдің өркендеп дамуына кері әсерін тигізетін негізгі фактор екен. Ол мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді. Заң үстемдігін теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұ­зылуына түрткі болады. Мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіріп, жүргізіліп жатқан экономикалық әлеуметтік реформаларға орасан кедергі жасайды. «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы Заңының 22-бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құ­зыреті шегінде барлық мемлекеттік ор­гандар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет саясатының басым бағеыттарының бірі ретінде айқындалған дей келе Айбек Әжібаев одан әрі агенттіктің заңнаманы жетілдірудегі рөлі, пара беруші мен пара алушыларға қолданылатын жаза мен жауапкершілігі, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға берілетін сыйақы жүйесі, мөлшері, сыбайлас жемқорлық пен істі болған тұлғаларға шартты түрде мерзімінен бұрын босату ша­ра­сының қолданылмайтындығы, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судья­­лардың, пара берушілердің және па­­ра­­қорлыққа делдал болғандардың жаза­­сы қатаңдатылғанын, мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судья­лардың, шетел банктерінде есеп шотын ашуға шектеу қойылғанын, жемқорлық сипаттағы қылмыс пен ұсталғандарға мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салынатындығын айтты. Сондай-ақ ол сыбайлас жемқорлық туралы заңға 2024 жылы енгізілген өзгерістерге, 2025-2026 жылдары енгізілетін өзгерістерге тоқталып өтті. Содан соң «Әділдік жолы» РҚБ ЖОФ жетекшісі, Жамбыл адалдық алаңы жобасының басшысы Назима Дәрменқызы Жұбандықова сөз алып, өз саласы бойынша атқарылған жұмыстар, адалдық алаңының мақсаты, міндеті туралы айтып берді.

Жобаның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілікті қалып­тастыру, облыстағы мемлекеттік билік институттарына азаматтарының сенімін арттыру болса, жобаның негізгі міндеттері тұрғындардың сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұр­мыстық жемқорлықты жою, аза­маттар және бизнес үшін, кедергісіз және қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізу болып та­былады. Жоба аясында мемлекеттік ме­кеме қызметкерлерінің еңбекақысын қайта қарау, мекеме басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру, қызметкерлердің барлық бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттыру және тағы басқа мәселелер қамтылады. Жоба тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға және азаматтарға ыңғайлы жағдай жасауға, қоғамдық бақылауды жүргізуге, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған,-деді ол.

Жиында қатысушылар тарапынан бірнеше сауалдар қойылып, оған тұщымды жауаптар берілді.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев қорытындылады.